ӘдебиетӘлеуметЖаңалықтарҚоғамМәдениет

ТҮРКІСТАНДА «ҰЛТТЫҚ РУХ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ» АТТЫ КІТАПТЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Президентінің «Адал азамат» қағидаты негізінде отансүйгіштік сезімді нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамда азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған «Ұлттық рух – басты құндылық» атты дөңгелек үстел өтті. «Достық» үйінде ұйымдастырылған тағылымды басқосуда осы атаумен жарық көрген кітаптың таныстырылымы өткізіліп, оның мазмұны мен негізгі идеялары көпшілік назарына ұсынылды.

Кітапта елге адал қызмет етіп, еңбегімен, адамгершілігімен, азаматтық болмысымен көпшілікке үлгі болып жүрген жандардың өмір жолы енгізілген. Жинақтың басты ерекшелігі – қоғамның дамуына өзіндік үлес қосып, туған жері мен еліне қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған азаматтардың өнегелі істерін насихаттау. Олардың өмірлік тәжірибесі мен еңбек жолы арқылы жас ұрпаққа отансүйгіштік, жауапкершілік, адалдық және ізгілік сияқты қасиеттердің мәнін түсіндіру көзделген.

Тағылымды кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, ұлттық рух пен отаншылдық тәрбиенің маңызына тоқталды. Ол елдің болашағы ұлттық санасы қалыптасқан, туған жеріне жанашырлықпен қарайтын және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтарға байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ ұлттың рухани тұтастығын сақтау, тарихи мұраны құрметтеу және өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беру бағытындағы бастамалардың маңыздылығын жеткізді.

Кітаптың мазмұны мен жарық көру мақсаты туралы «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова баяндады. Ол басылымның негізгі мақсаты елге еңбегі сіңген азаматтардың өмір жолын кейінгі буынға үлгі ету, олардың қоғам алдындағы қызметін насихаттау екенін атап өтті. Сонымен қатар кітапқа енген тұлғалардың әрқайсысының өмірлік ұстанымы мен атқарған істері ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталғаны айтылды.

Басқосу барысында кітап кейіпкерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың ел мен қоғам алдындағы еңбегі ерекше аталып өтті. Әр кезеңде түрлі салада еңбек етіп, өз ісіне адалдық танытқан азаматтардың өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін маңызды тәрбие мектебі екені сөз болды. Мұндай тұлғалардың өнегесін көпшілікке таныту арқылы қоғамда еңбекке құрмет, үлкенге ізет, елге қызмет ету секілді қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндік мол.

Дөңгелек үстел аясында желтоқсаншы Клара Қожамұратова «Елім» деп соққан жүрек ешқашан мұқалмайды» тақырыбында ой бөлісті. Ол ел тарихындағы маңызды кезеңдер мен азаматтық ұстанымның адам өміріндегі орнына тоқталып, отанға деген сүйіспеншілік пен елдік мұрат жолындағы табандылықтың маңызын жеткізді. Оның пікірінше, ұлттық рухты сақтау әрбір азаматтың туған жеріне, тіліне, тарихы мен мәдениетіне деген құрметінен басталады.

Ал Түркістан облысының құрметті азаматы, мәдениет қайраткері, археолог Марат Тұяқбаев отандық археология мен тарих ғылымының дамуы жөнінде сөз қозғады. Ол тарихи мұраны зерттеу мен сақтау, өткен кезеңдерден жеткен құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізу мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ туған өлкенің тарихын терең тану ұлттық сананы қалыптастыруда айрықша орын алатынын атап өтті.

Кездесу барысында батыр ана Түймегүл Ердешқызы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсетудегі ізгілік жолы туралы әңгімеледі. Ол адамгершілік пен мейірімділіктің қоғам өміріндегі орнына тоқталып, қамқорлыққа мұқтаж балаларға қолдау білдіру – үлкен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екенін жеткізді. Осындай қайырымды істердің жас ұрпақ бойында жанашырлық пен ізгілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпалы зор екені айтылды.

Жалпы, «Ұлттық рух – басты құндылық» атты кітаптың таныстырылымы елге еңбегі сіңген азаматтардың өмір жолын дәріптеп, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды насихаттауға арналған маңызды басқосу болды. Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды. Жиынға қатысушылар мұндай тағылымды шаралардың қоғамдағы отаншылдық сезімді нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруге қосар үлесі мол екенін атап өтті.

ТҮРКІСТАНҒА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 630 МЫҢНАН АСТАМ ТУРИСТ КЕЛГЕН: ӨҢІРДІҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ МЕН СЕРВИС САПАСЫ

Алдыңғы

ҮЙ АЛДЫНДАҒЫ ЖИНАЛҒАН ТҰРМЫСТЫҚ ТЕХНИКАЛАР РЕТКЕ КЕЛТІРІЛДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *