ӘлеуметЖаңалықтарҚоғамЭкономика

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 50 МЫҢ БАС МАЛҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ІРІ БОРДАҚЫЛАУ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Түркістан облысының Қожатоғай ауылдық округінде жаңа бордақылау кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Сонымен бірге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен жергілікті тұрғындар да маңызды жобаның іске қосылуына куә болды. Жылына 50 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылауға қауқарлы нысан – Орталық Азиядағы ең ірі кешен. Ауқымды жобаның іске қосылуы өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, еліміздің мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.

Жоба «Қайып Ата» компаниялар тобына кіретін «Түркістан Агро KZ» ЖШС тарапынан жүзеге асырылды. Кешен жемшөп дақылдарын өсіруден бастап мал бордақылау, сою, етті өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Мұндай жүйе өндірістің барлық кезеңін бір орталықтан үйлестіруге, өнім сапасын бақылауға және шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар шикізатты бастапқы күйінде сатумен шектелмей, оны терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіруге жағдай жасайды.

Жаңа кешен жылына 15 мың тоннаға дейін ет өндіруге мүмкіндік береді. Компаниялар тобының құрамында жылына 7,2 мың тонна өнім шығаратын ет өңдеу кәсіпорны мен қуаттылығы 46 мың тонналық құрамажем зауыты жұмыс істейді. Сонымен қатар 1,4 мың гектар алқапта жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып, жемшөп дақылдарын өсіру және 12 мың бас малға арналған заманауи мал биржасын салу жобалары жүзеге асырылуда.

Өндірістік инфрақұрылымның өзара байланыста дамуы кешеннің тұрақты жұмыс істеуіне негіз болады. Атап айтқанда, жемшөп өндірісінің жолға қойылуы малды қажетті азықпен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, құрамажем зауыты бордақылау тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Ал ет өңдеу кәсіпорны дайын өнімнің сапасын сақтап, оны ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға бағытталған. Осылайша, жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және өткізу арасындағы байланысты нығайтып, саланың экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бордақылау кешенін салу барысында Аустралия технологиялары қолданылды. 2024 жылдан бастап Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамытудың аустралиялық моделінің жекелеген элементтерін енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл тәсіл мал өнімділігін арттыруға, өндіріс шығындарын азайтуға, бордақылау алаңдары мен мал саудасының заманауи инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Шетелдік озық тәжірибені жергілікті жағдайға бейімдеп қолдану арқылы мал шаруашылығындағы өндірістік үдерістерді жетілдіру көзделіп отыр.

«Бүгін біз Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау кешендерінің бірін ашып отырмыз. Үш жыл бұрын қазақстандық фермерлермен бірге Аустралияға барып, мал шаруашылығын жүргізудің озық тәжірибесін зерделедік. Бүгінде сол тәжірибенің іс жүзінде қолданылып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстанда бұл саланы одан әрі дамытуға барлық мүмкіндік бар. Атап айтқанда, кең жайылымдық алқаптар, жемшөп қоры, білікті мамандар және экспорттық әлеует жеткілікті. Былтыр ет экспорты 100 мың тоннадан асты. Алайда бұл – еліміздің әлеуеті толық пайдаланылды деген сөз емес. Қазір агроөнеркәсіп кешенінің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 6%-ды құрайды. Мал шаруашылығын дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу экономикалық өсімнің қосымша көздеріне айналуға тиіс. Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешенінің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 10%-ға жеткізу міндетін қойып отырмыз», — деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі.

Жаңа өндірістік нысанның іске қосылуы Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңір экономикасына қосымша серпін береді. Мұндай ірі жобалар мал шаруашылығына инвестиция тартуға, заманауи технологияларды енгізуге және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады. Сонымен бірге өндіріс көлемінің ұлғаюы ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына және ауыл тұрғындарының табыс көздерінің көбеюіне ықпал етеді.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – Қазақстанның ет өнімдерін экспорттау мүмкіндігін арттыру. Өндірістік қуаттардың толық іске қосылуы ішкі нарықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге және сыртқы нарықтарға тұрақты жеткізілім қалыптастыруға жағдай жасайды. Бұл ретте өнім сапасы, өндірістік талаптардың сақталуы және өңдеу технологияларының жетілдірілуі ерекше маңызға ие.

Жалпы, Түркістан облысында іске қосылған ірі бордақылау кешені агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыруға, мал шаруашылығын индустриялық негізде дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға бағытталған. Ауқымды инвестициялық жобаның жүзеге асуы өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және экспорттық әлеуетін кеңейтуге үлес қоспақ.

ЕҢБЕК КОДЕКСІНЕ ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ НАЗАРЫНА ЖЕТКІЗІЛДІ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚУАТТЫЛЫҒЫ ЖЫЛЫНА 150 МЫҢ ТОННА ЖҮГЕРІНІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *