ӘлеуметЖаңалықтарЗаңҚоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СТАЛКИНГКЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында сталкингтің алдын алу, азаматтардың құқықтары мен жеке қауіпсіздігін қорғау мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда сталкинг ұғымы туралы түсінікті қалыптастыру, оның құқықтық салдарын түсіндіру, сондай-ақ мұндай жағдайлардың алдын алу жолдарын талқылау. Кездесу барысында жеке адамның тыныштығы мен қауіпсіздігіне қол сұғатын әрекеттерге бейжай қарамаудың және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығы атап өтілді.
Іс-шараға спикерлер ретінде тележүргізуші және қоғам қайраткері Дана Нұржігіт, сондай-ақ Түркістан облысы полиция департаментінің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Мөлдір Құрманбекова сөз сөйледі. Олар қатысушыларға сталкингтің қоғамдағы өзектілігі, оның адам өміріне тигізетін кері әсері және мұндай құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің маңыздылығы жөнінде ойларын ортаға салды.
Талқылауға азаматтық қоғам өкілдері, құқық қорғау саласының қызметкерлері, психологтар, журналистер мен студенттер қатысты. Кездесу барысында сталкингтің құқықтық салдары, осындай сипаттағы өтініштерге ден қою алгоритмдері және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары кеңінен сөз болды. Қатысушылар сталкингтің тек жеке адамның мәселесі емес, жалпы қоғамның қауіпсіздігі мен адам құқықтарына тікелей қатысты маңызды мәселе екенін атап өтті.
Әсіресе, адамның еркінен тыс соңынан қалмай жүру, қайта-қайта хабарласу, әлеуметтік желілер арқылы мазалау, бақылау және қорқыту секілді әрекеттердің психологиялық зардаптарына назар аударылды. Мұндай жағдайлар адамның күнделікті өміріне, эмоционалдық жағдайына және қоғамдық ортадағы белсенділігіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан сталкинг белгілерін дер кезінде анықтап, тиісті органдарға хабарлау маңызды екені айтылды.
Полиция аға лейтенанты М.Құрманбекова құқық бұзушылықтың алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және сталкинг жағдайларына тосқауыл қоюдағы өзара іс-қимылдың маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін азаматтардың өз құқықтарын білуі, қауіп төнген жағдайда қандай әрекет жасау керектігін түсінуі және құқық қорғау органдарымен байланыс орнатуы қажет. Сонымен қатар әрбір өтінішке уақытылы ден қою, тиісті шараларды қабылдау және зардап шеккен азаматтарға қажетті қолдау көрсету мәселелері де маңызды.
Кездесу барысында қоғам қайраткері Дана Нұржігіттің «Көлеңке 115-1» кітабы да талқыланды. Шығармада көтерілген мәселелер қатысушылардың қызығушылығын тудырып, сталкинг тақырыбына қатысты ой-пікір алмасуға мүмкіндік берді. Кездесуге қатысушылар авторға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кітапта қозғалған өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Әдеби шығарма арқылы қоғамдағы күрделі мәселелерді кеңінен талқылау, оқырманның құқықтық көзқарасын қалыптастыру және адам қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге назар аудару қажеттігі сөз болды.
Сондай-ақ мұндай кездесулердің жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөлі ерекше екені айтылды. Студенттер мен жастардың талқылауға қатысуы олардың жеке шекара, өзара құрмет, жауапкершілік және қауіпсіз қарым-қатынас туралы түсінігін кеңейтуге ықпал етеді. Қоғамда зорлық-зомбылық пен қысым көрсету әрекеттеріне төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуі қажеттігі атап өтілді.
Өз кезегінде полиция азаматтарды сталкинг фактілеріне бей-жай қарамауға, осындай жағдайлар туралы уақтылы хабарлауға және ішкі істер органдарынан көмек сұрауға шақырады. Қауіп төнген жағдайда дереу «102» нөміріне қоңырау шалу қажеттігін ескертті. Мамандардың айтуынша, құқық бұзушылықтың алдын алуда әр азаматтың белсенді ұстанымы мен қоғамдық жауапкершілігі маңызды. Азаматтардың өз құқықтарын қорғауға деген сенімі мен құқық қорғау органдарына уақытылы жүгінуі қауіпсіз қоғам қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі болып табылады.

ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІН КӘСІБИ МЕДИАТОРЛЫҚҚА ДАЯРЛАУ КУРСЫ БАСТАЛДЫ

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *