Шымкент қаласының Еңбекші ауданында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, жолдардың сапасын жақсарту, тұрғын үй аулаларын абаттандыру және әлеуметтік нысандарды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері бірқатар елді мекенде электр желілері жаңартылып, жолдар жөнделді, аяқжолдар мен балалар ойын алаңшалары салынып, жаңа қоғамдық кеңістіктер пайдалануға берілді.
Ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте аудан әкімі Досбол Есілбек баяндады.
Жалпы аумағы 22,8 мың гектарды құрайтын Еңбекші ауданында 230 мыңнан астам тұрғын тұрады. Аудан құрамына 18 тұрғын алабы мен 11 шағынаудан кіреді. Бүгінде инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ауыз сумен және табиғи газбен қамту деңгейі 97 пайызға, электрмен қамту 99,8 пайызға жеткен.
Инженерлік желілерді жаңғырту аясында 2026 жылы 6,29 шақырым электр желісі мен 4 трансформатор жаңартылды. Қарабастау және Жұлдыз тұрғын алаптарында қосымша 4 шақырым электр желісі тартылды. Сондай-ақ Базарқақпа тұрғын алабындағы қосалқы станцияның қуаты 10 мың кВт трансформаторы 25 мың кВт жаңа құрылғыға ауыстырылды.
Кәріз жүйесін дамыту бағытында да маңызды жобалар іске асырылуда. Базарқақпа тұрғын алабындағы Достық көшесінде 20 көпқабатты тұрғын үйдің 275 пәтері мен жеке сектордағы 400 абонентті қамтитын кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Ұлағат шағынауданында жүйені іске қосу және абоненттерді қосу жұмыстары атқарылуда.
Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл 29 көшенің тұйықтарын асфальттау жоспарланып, оның 24-інде жұмыс аяқталды. Сонымен қатар 17 көшедегі 19,5 шақырым жол жабыны жаңартылды. Жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау үшін 16 көшеде 8 шақырым аяқжол төселді.
Су басу қаупінің алдын алу мақсатында ирригациялық жүйелерді дамытуға басымдық берілген. 2026 жылы жоспарланған 20 мекенжайдағы 6,3 шақырым арық жүйесінің 12 мекенжайдағы құрылысы толық аяқталды. Қалған учаскелерде жұмыстар жалғасуда.
Аудан көшелерін жарықтандыру бойынша да нәтижелер бар. 2025 жылы жоспарланған 367 көшеге жарықшамдар орнатылып, пайдалануға берілді. Биыл жарықтандыру жүйесін жаңарту көзделген 8 көшенің 6-ында жұмыс аяқталды.
Тұрғындарға қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асырылуда. 2026 жылы жоспарланған 46 жобаның басым бөлігі орындалды. Атап айтқанда, 34 балалар ойын алаңы, 5 гүлзар және 2 аяқжол жобасы аяқталды. Сонымен қатар ауданда жоспарланған 12 спорт алаңының 11-і пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта жаңа гүлзарлар мен Бадам өзенінің жағасын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалар да жүзеге асырылуда. Момынов және Тленшин көшелеріндегі теміржол өткелдерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қаратөбе тұрғын алабындағы М. Әуезов атындағы №96 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдады.
Бұдан бөлек, Елтай тұрғын алабындағы каналдың 910 метр бөлігі бетонмен қапталып, 1 700 метр су ағар науа орнатылды. Базарқақпа және Тұрдыабат тұрғын алаптарын байланыстыратын Исраилов көшесінде ұзындығы 4,76 шақырым төрт жолақты жолдың құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында аяқжолдар, ирригациялық арықтар мен жарықтандыру жүйесі қарастырылған. Қазіргі уақытта жұмыстың 65 пайызы орындалған.
Сонымен қатар Бердіқожа батыр көшесінде Сайрамсу өзені арқылы өтетін ұзындығы 78 метрлік көлік көпірінің құрылысы жүргізілуде. Демеушілердің қолдауымен екі жерде жаяу жүргіншілер көпірі де салынды.
Еңбекші ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар тұрғындардың инженерлік инфрақұрылымға қолжетімділігін арттыруға, көлік қозғалысы мен қауіпсіздігін жақсартуға және қоғамдық кеңістіктерді көбейтуге бағытталған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, ауданның әрбір елді мекенінде қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға негіз болады.
ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІКТЕР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ












Comments