Еңбек күніне орай Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «Еңбек – ел мұраты» республикалық форумы өтті. Жиында еңбек адамының мәртебесі мен кәсіби еңбектің қоғамдағы маңызына ерекше мән берілді.
Форумда «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС темір бұйымдарын өндіруші зауытының «Токарь» бөлімінің темір жонушысы Қиясов Баратбай Рысбекұлы көп жылғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
1962 жылы Шымкентте дүниеге келген Баратбай Рысбекұлы өмірінің 40 жылын өндіріс саласына арнаған. Оның «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС-дегі еңбек өтілі 6 жылды құрайды.
Еңбек жолын 1986 жылы Ташкент қаласындағы Трактор зауытында бастаған ол 2005–2016 жылдары Павлодардағы «Модульный завод» ЖШС-де, 2016–2020 жылдары «ЭМИ» ЖШС-де еңбек етті. 2020 жылдан бері «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС-де қызмет атқарып келеді.
Білікті темір жонушы металл өңдеу мен механикалық өндірістің қыр-сырын жетік меңгерген. Өндірістік тапсырмаларды сапалы әрі уақытылы орындап, қауіпсіздік пен технологиялық талаптарды қатаң сақтауы оның кәсіби шеберлігін көрсетеді.
Өндірістегі мол тәжірибесі бар Баратбай Рысбекұлы тек өз міндетін сапалы атқарып қана қоймай, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өндірістің қыр-сырын үйретуде. Ұжымдастық пен өзара қолдауды ту еткен кейіпкеріміз бүгінге дейін бірнеше жас токарьды тәрбиелеп шығарды. Осындай ұрпақтар сабақтастығы кәсіби шеберліктің ұрпақтан-ұрпаққа өтуіне және өндіріс орнындағы еңбек мәдениетінің артуына зор ықпал етуде.
Баратбай Рысбекұлының еңбек жолы – мамандыққа адалдықтың, табандылық пен жауапкершіліктің үлгісі. Оның мемлекеттік наградамен марапатталуы – барша еңбек адамдарына көрсетілген құрмет.
Бүгінгі қоғамда оңай олжа табуға ұмтылудан арылып, адал еңбекпен табыс табу идеясын қалыптастыруда Баратбай сияқты қарапайым еңбек адамдарының рөлі өте жоғары. Кез келген жетістікке тек қажырлы еңбек пен өз ісіңе деген адалдық арқылы жетуге болатынын оның өмір жолы айқын дәлелдейді. Мұндай қарапайым кейіпкерлерді дәріптеу – жастар арасында еңбексүйгіштік қасиетті сіңіріп, масылдық көңіл-күйден арылуға үлкен септігін тигізеді.
Осындай азаматтардың өнегелі жолы жас ұрпақты адал еңбекке, кәсіби шеберлікке және өз ісіне жауапкершілікпен қарауға үндейді.











Comments