Жаңалықтар

ҚУРАҒАН ШӨП – ӨРТ ҚАУПІНІҢ КӨЗІ

Күз мезгілі келгенде табиғаттың көрінісі өзгеріп, айналадағы шөптер мен өсімдіктер қурай бастайды. Қураған шөп пен жапырақтың көбеюі өрттің тез таралуына қолайлы жағдай қалыптастырады. Сондықтан осы кезеңде өрт қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, қарапайым сақтық шараларын қатаң сақтау қажет.
Сауран ауданының тұрғындары мен табиғат аясында демалушыларды қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Әсіресе орман-тоғайлы жерлерде, демалыс орындарында, өзен-көл жағалауларында және қураған шөп көп аумақтарда абай болған жөн.
Табиғат аясына демалуға шыққанда от жағуға аса сақтықпен қарау керек. От жағылған жағдайда оны қараусыз қалдырмай, айналасын қураған шөптен тазалап, қауіпсіз жерде жағу қажет. Демалыс аяқталған соң отты су құйып немесе топырақпен көміп, толық сөнгеніне көз жеткізбей сол жерден кетуге болмайды. Өрттің шығуына көбіне қарапайым немқұрайлылық себеп болып жатады. Соның бірі – сөндірілмеген темекі тұқымын жерге тастау. Желдің әсерінен кішкентай ғана шоқ қураған шөпке түсіп, өрттің үлкен аумаққа таралуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан темекі тұқылын арнайы белгіленген орынға ғана тастап, табиғатқа жауапкершілікпен қарайық.
Сондай-ақ шыны бөтелкелер мен басқа да жанғыш заттарды табиғатта қалдырмау керек. Балалардың отпен ойнауына жол бермей, сіріңке мен оттықтарды олардың қолы жетпейтін жерде сақтау маңызды. Өрт байқалған жағдайда уақыт жоғалтпай, 112 нөміріне хабарлап, нақты орналасқан жерді айту қажет. Өртті өз бетіңізше сөндіруге әрекет жасаған кезде де ең алдымен өз қауіпсіздігіңізді ойлаған жөн. Табиғат – бәрімізге ортақ байлық. Оның тазалығы мен қауіпсіздігін сақтау тек жауапты мамандардың емес, әрбір азаматтың міндеті. Бір адамның ұқыптылығы үлкен өрттің алдын алуы мүмкін.
Сауран ауданының тұрғындары мен қонақтары! Табиғат аясында демалғанда сақтық шараларын сақтайық. Отпен абай болайық, темекі тұқылын жерге тастамайық, қураған шөпті өрттен қорғайық. Табиғатты аялау – өз қауіпсіздігімізге де, келер ұрпаққа да деген жауапкершілік. Өрттің алдын алу – бәрімізге ортақ міндет. Сақ болайық, табиғатымызды бірге қорғайық!
СМАИЛОВ СЕРІКҒАЛИ СҰЛТАНҒАЛИҰЛЫ
Сауран ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің №24 өрт сөндіру бөлімінің бастығы,
азаматтық қорғау майоры

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНДА ҚАУІПСІЗДІК БАСТЫ НАЗАРДА

Алдыңғы

ҚАЗАҚ ТІЛІ – ЦИФРЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *