Жаңа оқу жылы қарсаңында Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінде дәстүрлі «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Игі бастама әскери қызметшілердің отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетуге және балалардың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастауына жағдай жасауға бағытталды.
Қайырымдылық шарасына әскери бөлім басшылығы, Ардагерлер кеңесі мен Әйелдер кеңесінің мүшелері белсене қатысты. Акция аясында көпбалалы әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетіліп, балаларға жаңа оқу жылына қажетті мектеп құрал-жабдықтары табысталды.
– «Мектепке жол» акциясы – әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі. Балаларға жасалған әрбір қамқорлық олардың білімге деген ынтасын арттырып, жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастауына оң әсер етеді. Басты мақсатымыз – бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, олардың білім жолындағы алғашқы қадамдарына қолдау көрсету, – деді 5513 әскери бөлімінің Әйелдер кеңесінің төрайымы, аға лейтенант Салтанат Әзімхан.
Шара барысында балаларға мектеп сөмкелері мен оқу құралдары табысталып, жаңа оқу жылында жақсы оқып, білім мен өнерде биік белестерді бағындыруға тілектестік білдірілді. Балалардың қуанышты жүздері мен ата-аналардың ризашылығы игі бастаманың маңызын айқындай түсті.
Әскери қызметшінің отбасы – оның Отан алдындағы жауапты міндетін абыроймен атқаруына демеу болатын сенімді тірегі. Сондықтан Ұлттық ұлан қатарында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдауға, әскери ұжымдағы өзара жанашырлық пен бірлікті нығайтуға ерекше мән беріледі.
«Мектепке жол» акциясы – тек оқу құралдарын табыстаумен шектелмейтін, балаға қамқорлық пен отбасына қолдауды ұштастыратын игі дәстүр. Өйткені жас ұрпаққа жасалған әрбір қамқорлық – елдің ертеңіне салынған инвестиция.
«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ»: ҰЛАНДЫҚТАР БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ.












Comments