Саяхат

Туған жерге тартылған инвестиция: Катонқарағайда туризмнің жаңа тынысы

Алтайдың аясына оралған арман

 Катонқарағайдың табиғатын сөзбен сипаттау қиын. Асқақ таулар, ну орман, мөлдір өзендер, саф ауа, сайын дала мен ауылдың қарапайым тіршілігі мұнда табиғат пен адам арасындағы байланыс әлі де өз қалпын жоғалтпағандай.Бәлкім, дәл осы себептен болар, туған жерден алыстаған адам жылдар өтсе де оның сағынышын жүрегінде сақтайды. Ал туған топыраққа қайта оралып, оның келешегіне нақты ісімен үлес қосусол сағынышты жауапкершілікке айналдыратын азаматтық ұстаным.

 Бүгін Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Фархат Құсайынов «Umai Tour» ЖШС серіктестігінің өкілдерімен кездесті. Кездесудің ерекшелігі бұл жай ғана кезекті инвестициялық жоба таныстырылымы емес. Оның ар жағында туған ауылына пайдасын тигізуді көздеген жергілікті кәсіпкердің бастамасы тұр.

Қатонқарағайдың тумасы, кәсіпкер Айгүл Сапарғалиқызы туған жеріндегі бизнестің дамуына үлес қосуды мақсат етіп, инвесторларды ауданға алып келді. Оның айтуынша, туған жерді дамыту – сырттан бақылап отыратын мәселе емес, әр азаматтың қолынан келетін нақты іске айналуы тиіс.

        Мен Алтайдың асқақ таулары мен әсем табиғаты тоғысқан қасиетті Катонқарағай ауылының тумасымын. Туған жерімді көркейтіп, ата-бабамыздан қалған киелі мекенді заман талабына сай дамыту мен үшін үлкен мәртебе әрі перзенттік парыз»,дейді Айгүл Сапарғалиқызы.

 Бұл сөздің астарында туған жерге деген сағыныш қана емес, нақты экономикалық көзқарас та жатыр.

 Туризм — ауыл экономикасының жаңа тіретірегі

Қатонқарағай бүгінде табиғи әлеуеті жоғары туристік аймақтардың біріне айналып келеді. 2025 жылдың қорытынды деректеріне сәйкес, ауданда туристерге арналған 92 орналастыру нысаны тіркелген, ал бір жыл ішінде келушілер саны 33,5 мың адамға жеткен. Ал 2026 жылы бірнеше туризмге бағытталған ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. 2026 жылы бір ғана «Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі ауданға 50 мыңнан астам турист алып келді. Яғни Катонқарағай үшін туризм енді тек қонақ қабылдау немесе демалыс орындарын көбейту деген ұғым емес. Ол — жол, байланыс, қоғамдық қызмет, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтану, қолөнер, гид қызметі, көлік және ең бастысы — жергілікті халықтың табысын арттыруға мүмкіндік беретін тұтас экономикалық экожүйе.

 2026 жылы өңірде Катонқарағайды саналы туризм кластеріне айналдыру, экологиялық талаптарды күшейту және халықаралық Green Destination сертификатына ұмтылу жөніндегі жоспарлар талқылануда. Осы тұрғыдан алғанда, «Umai Tour» жобасының идеясы уақыт талабымен үндеседі.

 Қаланың шуынан – ауылдың тынысына

 Қазіргі туристің талғамы өзгеріп келеді. Бұрын демалыс дегенде жайлы қонақүй, бассейн, мейрамхана мен ойын-сауық орындары бірінші кезекте тұрса, бүгін табиғатқа жақын болу, жергілікті мәдениетті сезіну, тыныштықта уақыт өткізу, ауылдың шынайы өмірін көру сияқты құндылықтар алдыңғы қатарға шықты.

 «Umai Tour» өкілдері Катонқарағайда дәл осы бағытқа басымдық бермекЖобаның ерекшелігі — экожүйеге негізделген қонақжайлық форматын қалыптастыру. Кәсіпкерлер мұны Ecovida тәсілі ретінде қарастырады. Бұл идеяны қарапайым тілмен айтқанда: турист ауылға келгенде ауылды қаланың көшірмесінен іздемеуі керек. Керісінше, ол Катонқарағайдың өзіне тән болмысын сезінуі тиіс.

 Таңертең тау жақтан соққан салқын самал. Аулада қайнап тұрған самаурын. Жергілікті өнімнен дайындалған таңғы ас. Қорадағы малдың дауысы. Жақын маңдағы өзеннің сылдыры. Ауыл тұрғынымен әңгіме. Кешкісін ошақ басындағы шай. Телефоннан гөрі табиғатқа үңілу.

 Бүгінгі жастар айтатын «ауылдың вайбы» деген сөздің астарында осындай қарапайым, бірақ шынайы тәжірибе жатыр.

 Ал халықаралық экотуризм тәжірибесінде мұндай тәсілдің ғылыми негізі бар. UNEP экологиялық орналастыру орындары табиғи және мәдени ортаны сақтап, жергілікті архитектурамен үйлесуі, су мен энергияны үнемдеуі, қалдықтарды дұрыс басқаруы және жергілікті қауымдастықпен бірлесіп жұмыс істеуі қажеттігін атап көрсетеді. Демек, экотуризм — табиғаттың ортасына үй салып қою ғана емес. Ол — табиғатты пайдалана отырып, оны сақтай білу мәдениеті.

 Туристтабиғаттың уақытша қонағы

 Ecovida идеясының Катонқарағай жағдайындағы ең маңызды тұсы да осында болуы мүмкін. Турист келгенде табиғатқа өзінің талабын таңбауы керек. Керісінше, сол жердің қалыптасқан табиғи және мәдени тәртібіне бейімделуі қажет.

 Халықаралық тәжірибеде тұрақты туризмнің негізгі қағидаларының бірі туристік нысан жергілікті қоғамдастыққа экономикалық пайда әкеліп, табиғи ресурстар мен мәдени құндылықтарды сақтауға ықпал етуі. UNEP пен UN Tourism материалдарында тұрақты туризм энергия мен суды тиімді пайдалануды, қалдықтарды азайтуды, биоалуантүрлілік пен мәдени мұраны қорғауды және жергілікті халықтың табысын арттыруды көздейтіні көрсетілген. Бұл Катонқарағай үшін ерекше маңызды. Өйткені мұндағы басты капитал ғимарат немесе жол емес.

 Басты капитал –табиғаттың өзі. Табиғатты сақтай отырып турист қабылдау ұзақ мерзімді бизнестің де кепілі.

 Ауылдың тұрғыны – туристік өнімнің бір бөлігі

 Жаңа жобаның тағы бір маңызды қыры жергілікті халықтың туризмге қатысуы. Катонқарағайда туристке ұсынатын дүниелер өте көп. Бірақ оның бәрі бірдей арнайы туристік нысан болуы шарт емес.

 Бір отбасының өзінде ұлттық тағам әзірлеу дәстүрі болуы мүмкін. Бір ауыл тұрғыны жылқымен серуен ұйымдастыра алады. Біреуі омарта ұстайды. Енді бірі шөптен шай дайындайды. Тағы бір азамат өлкенің тарихын жақсы біледі. Яғни турист үшін қызық болатын дүниелердің көпшілігі күнделікті ауыл өмірінің өзінде бар. Мұны экономикалық айналымға дұрыс енгізу ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзі.

 Халықаралық экотуризм тәжірибесі де жергілікті шағын кәсіпкерлікті, жергілікті гидтерді, қонақүйлерді, мейрамханаларды және қолөнерді қолдаудың маңызын көрсетеді. Сондықтан «Umai Tour» жобасының табысы тек қанша бөлме салынатынымен емес, жобаға қанша жергілікті адам тартылатынымен де өлшенбек.

 Катонқарағайдың табиғи брендін сақтау

 Катонқарағайдың туристік әлеуеті қазірдің өзінде жоғары. Ұлттық парк аумағында экологиялық туризмді дамыту мәселелері тұрақты түрде талқыланып, 2026 жылдың ақпанында ұлттық парк аумағындағы туристік даму тұжырымдамасы мен ауылдық округтердегі инвестициялық жобалар қаралған. Ауданның туристік ұсынысы табиғи нысандармен ғана шектелмейді. Мұнда Берел қорғандары, Рахман қайнары, Көккөл, Бұқтырма алабы, таулы маршруттар, тарихи орындар мен ауылдық туризм элементтерін бір-бірімен байланыстыруға мүмкіндік бар. Сондықтан жаңа инвестициялық жобалардың алдында тұрған басты міндет туристер санын көбейту ғана емес. Турист көбейген сайын табиғатқа түсетін қысым да артпауы керек.

 Экологиялық туризм жөніндегі халықаралық ұсынымдарда туристік аумақтарды алдын ала жоспарлау, табиғи аумақтарға түсетін жүктемені бақылау, жергілікті қауымдастықтың пікірін ескеру және ұзақ мерзімді мониторинг жүргізу қажеттігі атап көрсетіледі. Бұл Катонқарағай үшін өте өзекті қағида.

 Туған жерге салынған инвестиция

 Айгүл Сапарғалиқызының бұл бастамасының тағы бір ерекшелігі – жобаның негізінде туған жерге деген жеке жауапкершіліктің болуы. Кәсіпкер үшін инвестиция қаржының қозғалысы. Ал туған жердің перзенті үшін инвестиция оның ауылына қалатын із.

 Бір жаңа жұмыс орны бір отбасының табысы.

 Бір жаңа туристік қызмет бір ауыл тұрғынының кәсібі.

 Бір келген турист жергілікті өнімге сұраныс.

 Бір сапалы қонақжай Катонқарағайдың беделіне қосылған бір үлес.

 Сондықтан мұндай бастаманың әсерін тек инвестиция көлемімен өлшеу жеткіліксіз. Оның нәтижесі ауылдың экономикалық белсенділігінен, халықтың табысынан, жастардың туған жерде қалуына мүмкіндік пайда болуынан, жергілікті өнімнің танымал болуынан және ең бастысы Катонқарағайдың табиғи келбеті сақталуынан көрінеді.

 «Ауылдың вайбы» – жаңа туристік бренд болуы мүмкін

 Қызығы, әлем туризмінде қазір күрделі әрі қымбат демалыс форматтарымен қатар қарапайым өмір тәжірибесіне деген сұраныс та артып келеді. Адамдар кейде бес жұлдызды қонақүйден гөрі табиғат ортасындағы шағын үйді, дайын бағдарламаға толы демалыстан гөрі ауылдағы еркін күнді, үлкен мейрамханадан гөрі үйдің дастарқанын таңдайды. Себебі олар тек жер көргісі келмейді. Сол жердің өмірін сезінгісі келеді. Катонқарағайдың артықшылығымұндай тәжірибені жасанды түрде құрастырудың қажеті жоқ. Ол мұнда бар. Тек оны дұрыс ұйымдастырып, табиғатқа зиян келтірмей, жергілікті халықтың мүддесімен ұштастырып, заманауи туристік өнімге айналдыру қажет.

 «Umai Tour» ұсынғалы отырған Ecovida тұжырымдамасының мәні де осында көрінеді.

 Алтайға келген адам Алтайды сезініп қайтсын

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту, туризмді дамыту және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру бағытындағы саясаты аясында Катонқарағайдың туристік әлеуетін тиімді пайдалану маңызды.

 Бүгінде аудан инвестицияға ашық екенін көрсетіп келеді. 2026 жылы да әлеуетті инвесторлармен кездесулер өткізіліп, туристік жобаларды сүйемелдеу, жер мәселесі және мемлекеттік қолдау тетіктері түсіндірілуде.

 Ендігі міндет инвестицияны жай ғана нысанға емес, сапалы туристік экожүйеге айналдыру.

 Бұл экожүйеде инвестор да, әкімдік те, жергілікті кәсіпкер де, ауыл тұрғыны да, турист те өз орнын табуы керек.

 Сонда ғана Катонқарағай туризм үшін жай ғана көрікті мекен емес, өмір сүруге, еңбек етуге, кәсіп бастауға және демалуға қолайлы ерекше ортаға айналады. Ал Айгүл Сапарғалиқызының туған жерге қатысты айтқан сөзі осы бастаманың философиясын дәл береді:

         Туған жерге деген сүйіспеншілік сөзбен ғана емес, нақты іспен көрінуі керек- деген. Бәлкім, Катонқарағайдың жаңа туристік тарихы дәл осындай қарапайым ойдан басталар.

 Туған жерін көркейтуге ниет білдірген бір адамның бастамасы. Оған сенім артқан инвестор. Оны қолдауға дайын жергілікті билік. Және өзінің табиғатын қонаққа көрсете отырып, оны сақтап қалуды көздеген тұтас ауыл.

 Алтайдың табиғаты өзгермесін.

 Бірақ оны әлемге танытудың жолы өзгерсін. Катонқарағайға келген адам жай ғана қонақүйде түнеп кетпей, Алтайдың тынысын сезініп, ауылдың өмірін көріп, туған жердің жылуын жүрегіне алып қайтсын. Сонда туризм де, инвестиция да, кәсіп те бір мақсатқа – туған жерді сақтай отырып дамытуға қызмет етеді.

                                                           Қобланды АБЕНОВ

 

В Жанаталапе открылась новая детская площадка

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *