Қазір әлемде мемлекеттердің тұрақты дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен немесе саяси реформалардың санымен өлшенбейді. Ең маңызды көрсеткіштердің бірі, ол – билік пен қоғам арасындағы сенімнің деңгейі. Халықтың пікірін тыңдап, қоғамдық сұранысқа дер кезінде жауап бере алатын мемлекеттер ғана ұзақ мерзімді тұрақтылық пен өркендеуге қол жеткізуде.
Қазақстанда қалыптасып келе жатқан Құрылтай институты да дәл осы қағидаттарға негізделген. Қазақ қоғамындағы дәстүрлі құрылтайлар ел тағдырын айқындайтын маңызды мәселелерді талқылайтын кеңес алаңы болғаны белгілі. Бүгінгі Құрылтай осы тарихи сабақтастықты жаңа мазмұнмен толықтырып, мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді үнқатысу тетігіне айналуға ұмтылып келеді.
Құрылтайдың басты мақсаты – әртүрлі әлеуметтік топтардың, қоғамдық ұйымдардың, сарапшылар мен белсенді азаматтардың пікірін бір арнаға тоғыстыру. Бұл – тек ұсыныстар айтылатын алаң ғана емес, қоғамдық пікірді мемлекеттік саясатпен байланыстыратын маңызды институт. Сондықтан, оның қызметінің тиімділігі құқықтық мәртебесімен ғана емес, оған мүше болатын азаматтардың кәсібилігімен, тәжірибесімен және қоғам алдындағы жауапкершілігімен сараланады.
Осы тұрғыдан алғанда, алдағы Құрылтай сайлауының маңызы ерекше. Оның нәтижесі тек жаңа құрамның жасақталуымен немесе белгілі бір тұлғалардың сайлануымен шектелмеуі тиіс. Әрбір азамат өзінің дауысын жай ғана сайлау рәсімі ретінде емес, елдің ертеңіне қосқан нақты үлесі ретінде қабылдай алғанда ғана демократиялық үдерістердің мәні арта түседі. Сонда ғана сайлау саяси науқаннан гөрі ұлттық жауапкершіліктің, азаматтық сананың және қоғамдық белсенділіктің мектебіне айналады.
Баршаңызды 23 тамыз күні Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауыңызды жасауға шақырамын! Әр дауыс ел болашағына қосылған үлес екенін ұмытпайық!
Юрий ПАН,
Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы.












Comments