Жаңалықтар

ӘР АЛАҢНЫҢ ӨЗ МӘСЕЛЕСІ БАР: ПАРТИЯЛАР ӨҢІР ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСУДІ ЖАЛҒАСТЫРУДА

13 тамыздағы сайлауалды науқан түрлі форматта өтті. Партиялар өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы нысандарында, медицина және еңбек ұжымдарымен кездесіп, тұрғындармен ашық диалогтар ұйымдастырды. Негізгі назар өндіріс, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, медицина, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым және экология мәселелеріне аударылды.
«Әділет» партиясы Жетісу облысында энергетикалық инфрақұрылымға арналған бөлшектер шығаратын «DENK» зауытында импортқа тәуелділікті азайту, отандық өндірушілерді қолдау мәселелерін көтерді. Ескелді ауданында қызылша өсірушілермен кездесіп, қант саласын дамыту мен ауыл шаруашылығын цифрландыруды талқылады. Алматы облысында жұмыспен қамту, инфрақұрылым, салық жүктемесі және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері қозғалды.
ЖСДП өкілдері Оралда мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарымен кездесіп, медициналық көмек, оңалту және әлеуметтік қолдаудың қолжетімділігін талқылады. Ақмола облысында тұрғындармен ашық диалог өтіп, жол, су, медицина, білім және әлеуметтік қолдау мәселелері көтерілді.
«Байтақ» партиясы экологиялық бағыттағы кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізді. Күн тәртібінде ағын суларды тазарту, экологиялық тәрбие, көгалдандыру, қоқыс шығару және жолдардың жағдайы болды.
Қазақстанның Халық партиясы Астанада «Әлеуметтік Қазақстан» атты алғашқы конгресін өткізіп, әлеуметтік әділеттілік пен өмір сапасын арттыру мәселелеріне тоқталды. Шымкентте медицина қызметкерлерімен кездесуде дәрігерлердің мәртебесі мен әлеуметтік қамсыздандырылуы талқыланды.
«Ауыл» партиясы Халықаралық жастар күніне орай 350-ден астам адам қатысқан «Таза Ауыл» акциясын өткізді. Партия мәліметінше, сайлауалды науқан аясында өңірлерде осындай 100-ге жуық экологиялық акция ұйымдастырылған.
«Ақ жол» партиясы Семей цемент зауытының еңбек ұжымымен кездесіп, отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдауды талқылады. Сонымен қатар партияның өңірлерді аралайтын пойызы жолға шығып, алғашқы аялдамасы Павлодарда тұрғындармен ашық диалог форматында өтті.
«Respublica» партиясы Оралдағы ет өңдеу және машина жасау кәсіпорындарында болып, өнеркәсіпті қолдау, салық реформасы және кадр саясатын талқылады. Түркістанда жеке инвестиция есебінен медициналық кешен салу және 240-тан астам жұмыс орнын құру жоспары таныстырылды.
Осылайша, 13 тамыздағы науқан өндіріс пен ауыл шаруашылығынан бастап экологиялық акциялар, әлеуметтік кездесулер, ашық диалогтар мен конгреске дейінгі түрлі форматта өтті. Партиялар нақты өңірлік мәселелерге басымдық беріп, тұрғындармен тікелей байланысын жалғастырды.

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕУ – БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ МІНДЕТ

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *