Жер бетіндегі ең ардақты да жауапкершілігі мол мамандықтардың қатары — медицина саласы. Адам өмірін аман алып қалу, денсаулығына араша түсу — нағыз жанқиярлық пен ерен еңбекті талап етеді. Шымкент қаласындағы №2 Оңалту орталығының бас медбикесі Ошимова Нұржамал Жақсыбекқызының өмір жолы мен еңбек жолы — осындай адалдық пен кәсібилікке толы жарқын жолдың шынайы көрінісі.
Нұржамал Жақсыбекқызы еңбек жолын саналы түрде таңдап, жас маман ретінде Алматы қаласындағы Республикалық медицина училищесін 1990 жылы оқып бастап, 1992 жылы мейіргер мамандығы бойынша сәтті аяқтайды. Сол жылдың тамыз айынан бастап Шымкент қаласындағы №2 қалалық перзентхананың балалар бөлімінде өз қызметін бастап, балғын өмірлерге араша түсудің алғашқы қадамдарын жасайды.
Жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, өз ісіне деген жауапкершілігін дәлелдеген ол, 2005 жылдың мамыр айында №2 қалалық балалар ауруханасына егу мейіргері болып ауысады. Осы ұжымда талай жылғы еңбегі мен тәжірибесінің арқасында 2013 жылы бұл ғимарат №2 Оңалту орталығы болып қайта құрылғаннан бері орталықтың бас медбике қызметін абыроймен атқарып келеді. Бүгінгі таңда ол өз ұжымының ұйытқысы, жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тәлімгері бола білді.
Медицина саласындағы үздік маманның өнегелі ісі бүгінде өз ұрпағымен жалғасуда. Нұржамал Жақсыбекқызының ұлы Бәйтереков Оразбек Талғатұлы — бүгінде елге қызмет етіп жүрген білікті дәрігер, жалпы тәжірибе дәрігері және радиациялық онколог.
Оразбек 2015 жылы Астана медициналық университетіне түсіп, 2020 жылы бакалавр дәрежесін сәтті аяқтайды. Одан әрі білімін шыңдап, 2022 жылы интернатураны, ал 2024 жылы радиациялық онкология бағыты бойынша резиденттікті аяқтап, өз саласының мықты маманы атанады.
Қазіргі таңда ол Астана қаласындағы Ұлттық онкологиялық ғылыми орталық пен №1 қалалық ауруханада қатерлі ісікпен күресіп, науқастарға үміт сыйлап жүр.
«Ана — жүректің айнасы, бала — өмірдің жалғасы» демекші, бұл отбасының өмір жолы — медицинаға сіңірген адал қызметтің жарқын үлгісі. Бірі — талай сәбидің алғашқы тынысына куә болып, ширек ғасырдан астам уақыт бойы мейіргерлік істің тізгінін ұстаған ардақты ана болса, екіншісі — сол ақ халаттылардың ізгі жолын жалғастырып, күрделі онкология саласында еңбек етіп жүрген білікті жас дәрігер.
Еңбек адамының мәртебесін биік ұстаған Ошимова Нұржамал Жақсыбекқызы мен оның отбасының бұл жолы — барша жастарға үлгі боларлық ерекше өмір мектебі.
ЕҢБЕК АДАМЫ: Ана салған ізгі жол — ұрпаққа жалғасқан мерей













Comments