Қай қоғам болмасын, өз ісіне адал, мамандығына деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі жоғары еңбеккерлердің арқасында дамиды. Әсіресе, қаланың тіршілік көзі – су шаруашылығы секілді стратегиялық маңызы бар салада аянбай тер төгіп жүрген мамандардың үлесі зор. Солардың бірі – өзінің білімі мен тәжірибесін, жастық қайратын қаланың коммуналдық инфрақұрылымын жақсартуға арнап келе жатқан Кожамкулов Шеріхан Құрманғазыұлы.
Шеріхан Құрманғазыұлы 1989 жылы 26 маусымда Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Қошқар ата ауылында дүниеге келген. Балалық шағынан білімге құштар болып, Шымкент қаласындағы №13 жалпы орта мектепті тәмамдады. Кейіннен Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде экономика және бизнес мамандығы бойынша жоғары білім алып, теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастырды.
Оның еңбек жолы табандылық пен кәсіби ізденістің айқын көрінісі. Еңбек жолын 2010 жылы «Су ресурстары Маркетинг» кәсіпорнында слесарь қызметінен бастаған Шеріхан Құрманғазыұлы қарапайым жұмысшыдан бастап, жауапкершілігі мол басшылық қызметтерге дейінгі өсу жолынан өтті. Бұл кезең оның маман ретінде қалыптасуына, өндірістің қыр-сырын іс жүзінде меңгеруіне және жұмыс үдерісіне жауапкершілікпен қарауына мүмкіндік берді.
2020 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-на шебер ретінде қабылдануы оның кәсіби біліктілігіне көрсетілген сенімнің нәтижесі болды. Жаңа қызметінде жинақтаған тәжірибесін тиімді пайдаланып, өндірістік міндеттерді орындауға белсенді атсалысты. 2021 жылы «Орталық диспетчерлік қызмет» бөлімінің басшысы ретінде жауапты міндеттерді абыроймен атқарып, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Ал 2022 жылдан бастап учаске шебері қызметінде қаланың су және кәріз жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуіне өз үлесін қосып келеді.
Су шаруашылығы – тұрғындардың күнделікті өмірімен тікелей байланысты маңызды салалардың бірі. Бұл бағыттағы кез келген жұмыстың уақытылы әрі сапалы орындалуы қаладағы әлеуметтік тұрақтылық пен жайлы тұрмыс үшін қажет. Сондықтан мұнда еңбек ететін мамандардан кәсіби шеберлікпен қатар, ұқыптылық, шапшаң шешім қабылдау және жоғары жауапкершілік талап етіледі. Шеріхан Құрманғазыұлының еңбек жолы осы қасиеттердің тәжірибе барысында қалыптасатынын көрсетеді.
Ол үшін мамандық – тек күнделікті қызмет атқаратын орын емес, қоғамға пайда келтірудің бір жолы. Қарапайым жұмысшы қызметінен бастап, әр кезеңде жаңа міндеттерді меңгеруі оның кәсіби өсуге деген ұмтылысын аңғартады. Еңбек барысында жинаған білімі мен тәжірибесін жас мамандармен бөлісуі де ұжымдық жұмыстың сапасын арттыруға ықпал етеді.
Бүгінгі таңда Шеріхан Құрманғазыұлы – тәжірибелі маман ғана емес, сонымен бірге бақытты отағасы. 2021 жылы отбасын құрып, қазіргі таңда екі қыз бен бір ұлдың сүйікті әкесі атанып отыр. Шеріхан үшін отбасы – басты тірек, ал адал еңбек – өмірлік мақсат. Кәсіби міндет пен отбасылық жауапкершілікті қатар алып жүру оның өмірлік ұстанымдарының бірі.
Өз ісінің майталманы, жауапкершілігі жоғары Шеріхан Құрманғазыұлы секілді азаматтар барда қаламыздың коммуналдық шаруашылығының тұрақты жұмыс істеуіне сенім мол. Оның өмір жолы – адал еңбек пен мамандыққа деген сүйіспеншіліктің, үздіксіз даму мен кәсіби өсудің жарқын үлгісі. Осындай еңбек адамдарының күнделікті еңбегі қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етіп, қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосады.
ЕҢБЕК АДАМЫ: ЕҢБЕК ЖОЛЫ – КӘСІБИ ШЕБЕРЛІК ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК МЕКТЕБІ











Comments