9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні. Халықтың күнделікті тұрмысы мен қаланың тіршілігі тікелей байланысты бұл сала мамандары үшін биылғы мереке айрықша көңіл-күймен, еңбекке деген құрметпен есте қалды.
«YNTYMAQ» кәсіпкерлік қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағының Шымкент қаласы бойынша филиалының құрамындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК ұжымында өткен салтанатты жиын адам өміріне нәрі мен нұрын сыйлайтын су саласының маңызын тағы бір мәрте айқындап, қарапайым еңбек адамының мәртебесін асқақтата түсті.
Мерекелік жиынға арнайы қатысқан «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев сала мамандарының күнделікті тынымсыз еңбегіне жоғары баға берді.
«Су – тіршілік көзі. Ал сол тіршіліктің қала тұрғындарына үздіксіз жетуін қамтамасыз етіп жүрген сіздердің жұмыстарыңыз – ерен ерлікпен пара-пар. Қоғамның жайлылығы үшін тер төгіп жүрген әрбір маман құрметке лайық», – деп атап өтті Бауыржан Алтеев.
Сала басшысы Бағдат Сырлыбайұлы Байболов та өз кезегінде ұжымдастарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, қиын да жауапты қызметте толағай табыс тілеп, қызметкерлерге мерекелік марапаттар тапсырды.
Шара барысында еңбегімен дараланған жандардың есімдері мақтанышпен аталып, марапаттар иелеріне табысталды. Атап айтсақ, «YNTYMAQ» кәсіпкерлік қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» төсбелгісімен Ергенбек Нахипбекұлы Тасқараев марапатталса, Республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының шешімімен су шаруашылығы саласындағы елеулі еңбегі үшін «Еңбек даңқы» медалі Манат Ануарбекұлы Нурбаков пен Муродбек Зоирович Тоировтың кеудесіне тағылды. Мұнан бөлек, кәсіби шеберлігімен үлгі болған бірқатар қызметкерлер Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Бұл күн тек марапатпен ғана емес, мейіріммен де есте қалды. Мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымы тарапынан көпбалалы қызметкерлерге ерекше назар аударылып, қаржылай сыйлықтар табысталды. Бұл – ұжымдағы «ынтымақ» қағидатының жай ғана сөз емес, нақты іс екенін және бастауыш кәсіподақ ұйымының әлеуеті жоғары екенін айқын көрсетті.
Су шаруашылығы саласының қызметкерлері – қоғам игілігі үшін үнсіз еңбек етіп жүрген нағыз еңбек адамдары. Олар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге, инженерлік желілердің тұрақты жұмыс істеуіне және қаланың санитарлық қауіпсіздігін сақтауға зор үлес қосады. Бұл мамандық жоғары жауапкершілікті, кәсіби шеберлікті және өз ісіне адалдықты талап етеді.
Қарапайым жұмысшылардың адал еңбегі мен кәсіби жетістіктерін кеңінен насихаттау – қоғамда еңбек адамының мәртебесін арттырудың маңызды тетігі. Осындай марапаттау рәсімдері еңбек адамын құрметтеуге, жастарды еңбексүйгіштікке, жауапкершілікке және өз кәсібін қадірлеуге тәрбиелеуге ықпал етеді. Еңбегі бағаланған қызметкердің жұмысқа деген ынтасы артып, ұжымдағы ұйымшылдық пен өзара қолдау да нығая түседі.
Кәсіподақтың еңбек адамын қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстары әлеуметтік әріптестікті дамытып қана қоймай, патерналистік көңіл-күй мен масылдықтың төмендеуіне де оң әсерін тигізеді. Адал еңбекпен жеткен табысты үлгі ету арқылы қоғамда еңбекті қадірлеу мәдениеті қалыптасып, кәсіби біліктілік пен жауапкершілік басты құндылық ретінде орныға түседі.
КӘСІПОДАҚ ӘРЕКЕТ ЕТУДЕ: ҚУАТТЫ БАСТАУЫШ ҰЙЫМ – ЫНТЫМАҚ БАР ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БАР: ШЫМКЕНТТЕ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАМАНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ












Comments