Кәсіподақ – еңбек ұжымының жүрегі. Оның қалыпты жұмыс істеуі, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауы тікелей бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенділігіне байланысты. Осы орайда «Халің қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының өкілдері Тұран ауданы әкімі аппаратының «Тұран» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында еңбеккерлердің күнделікті тыныс-тіршілігі, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік кепілдіктер мәселелері жан-жақты талқыланды. Қызметкерлерді толғандырған еңбек жағдайын жақсарту, демалыс уақыты мен ұжымдық шарттағы міндеттемелердің сақталуы бойынша өзекті сұрақтар көтеріліп, оларға кәсіподақ тарапынан түсіндірмелер мен нақты ұсынымдар берілді.
Қуатты бастауыш ұйым – қызметкерлердің еңбегін бағалай білуден басталады. Осы мақсатта Астана күні мерекесі қарсаңында кездесудің мазмұны мерекелік рухқа ұласты. «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әуесханов Серік Елемесұлы жиынға қатысушыларды «6 шілде – Астана күні» мемлекеттік мерекесімен құттықтап, Шымкент қаласын таза ұстаудағы, көгалдандырудағы және қалалық жайлы ортаны қалыптастырудағы еңбектері үшін салалық кәсіподақ атынан шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ мекеменің белсенді жұмысшыларына «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төсбелгілері, «Құрмет грамоталары» және «Алғыс хаттары» табысталды.
Мұндай іс-шаралар еңбек ұжымының рухын көтеріп қана қоймай, кәсіподақ пен жұмысшылар арасындағы сенімді нығайта түседі. «Тұран» коммуналдық мекемесінде өткен бұл кездесу еңбеккерлердің жұмысқа деген ынтасын арттырып, бастауыш ұйымның жұмысын жаңа деңгейге көтеруге серпін берді.
Еңбек адамының құқығы мен оның қоғамдағы мәртебесін көтеру – кәсіподақтың әрдайым басты назарында.
Коммуналдық сала қызметкерлері – қаланың күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген қарапайым еңбек адамдары. Олар көшелердің тазалығын сақтап, жасыл аймақтарды күтіп-баптап, тұрғындарға қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыру үшін күн сайын аянбай еңбек етеді. Көп жағдайда көзге көріне бермейтін олардың еңбегі қала өмірінің үздіксіз жалғасуына және тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына тікелей ықпал етеді.
Осындай қарапайым жұмысшылардың еңбегі мен жетістіктерін насихаттау – қоғамда еңбекке деген құрметті қалыптастырудың маңызды бағыты. Өз міндетіне адалдықпен қарап, жауапкершілік пен кәсібилікті қатар ұстанған мамандар жастарға еңбексүйгіштік пен табандылықтың үлгісін көрсетеді. Еңбек адамын ұлықтау арқылы адал еңбекпен жеткен жетістіктің құндылығы дәріптеліп, қоғамда белсенді өмірлік ұстаным нығая түседі.
Кәсіподақтың еңбек адамын қолдауға бағытталған мұндай бастамалары қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтіп қана қоймай, патерналистік көңіл-күй мен масылдықтың төмендеуіне де ықпал етеді. Еңбегі еленіп, кәсіби жетістігі бағаланған қызметкердің жұмысқа деген ынтасы артып, еңбек өнімділігі жоғарылайды. Бұл өз кезегінде еңбек мәдениетін нығайтып, қоғамда адал еңбек пен кәсіби жауапкершілікті басты құндылық ретінде қалыптастыруға қызмет етеді.
КӘСІПОДАҚ ӘРЕКЕТ ЕТУДЕ: «ҚУАТТЫ БАСТАУЫШ ҰЙЫМ – ЕҢБЕККЕР МҮДДЕСІНІҢ ҚОРҒАНЫ»













Comments