ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ІЗГІ ЖАН

Өмірдің мәні — адал еңбек пен айналаңа тигізген шапағатыңда болса керек. Осындай биік адамгершілік қасиеттерімен, өз ісіне деген адалдығымен ұжымның мақтанышына айналған жандардың бірі — Умирова Алтынай Нәбиқызы. Ол 1969 жылы өркенді Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысының Орташыршық ауданына қарасты Жаңабай ауылында дүниеге келген. Әкесі Нәби мен анасы Алмагүлдің тәрбиесін көріп, төрт ағасы мен екі әпкесінің ерке қарындасы болып өскен отбасының ең кенже қызы жастайынан еңбекқорлыққа баулынады.
Алтынай Нәбиқызы 1976-1986 жылдары В.И. Ленин атындағы №31 орта білім мектебін ойдағыдай тәмамдап, кейіннен білімін шыңдау мақсатында Абдурахманов атындағы Политехникалық техникумға түседі. Қасиетті білім ордасын 1991 жылы технолог мамандығы бойынша бітіріп шығады. Оның еңбек жолы ерте басталып, 1986-1996 жылдар аралығында Той-төбе қаласындағы тігін цехында шебер тігінші ретінде алғашқы тәжірибесін жинақтайды. Сонымен қатар, 1991 жылы өмірлік жары Мұхтармен шаңырақ көтеріп, бүгінде Мүтәлі, Мейірбек, Еркебұлан есімді азаматтарды тәрбиелеп өсірген аяулы ана атанып отыр.
Аналық міндетімен қоса еңбекті де қатар алып жүрген ол 1996-2002 жылдары №44 жалпы орта білім мектебінде еңбек пәнінің оқытушысы болып қызмет атқарады. Шәкірттерге қолөнердің қыр-сырын үйретіп, ұстаздық қызметтің де жауапкершілігін сезінеді.
Ал 2004 жылы тарихи отаны — Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласына қоныс аударып, 2005 жылдың басында Қазақстан азаматтығын алады. Жаңа ортада да белсенділігін танытқан Алтынай Нәбиқызы 2008-2013 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық Салық департаментінде жемісті қызмет етеді.
Бүгінгі таңда оның өмір жолының ең маңызды әрі берекелі кезеңі Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасымен тығыз байланысты. Осы қара шаңыраққа 2013 жылдан бастап жұмысқа қабылданып, содан бері табандылықпен еңбек етіп келеді. Ол өзін өте жауапкершілігі мол, тындырымды, әр іске ұқыпты қарайтын нағыз еңбекқор қызметкер ретінде көрсетті. Кітапхананың тазалығы мен берекесін келтіріп қана қоймай, әрбір келуші мен әріптесіне жылылық сыйлай білді.
Ұжым ішінде Алтынай Нәбиқызының орны ерекше. Әріптестері оны өте сыйлы, кішіпейіл, адамгершілігі мол және қиын сәтте әрдайым көмек қолын созуға даяр тұратын мықты маман ретінде құрметтейді. Оның бойындағы қарапайымдылық пен өз ісіне деген адалдық көпке үлгі. Адал еңбектің нағыз үлгісін көрсетіп жүрген Алтынай Нәбиқызы секілді жандар — қоғамның тірегі, ұжымның берекесі. Өз ісіне деген шексіз жауапкершілігі мен тазалыққа деген ұқыптылығы арқылы ол қарапайым еңбектің де қаншалықты қадірлі әрі биік екенін дәлелдеп келеді.
Осындай өз кәсібін мақтаныш тұтатын, маңдай терімен айналасына үлгі болған жасампаз жандар барда, қоғамда «Еңбек адамының» мәртебесі әрдайым биік болмақ.

САЙРАМ АУДАНЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

Алдыңғы

НАМ ЕСТЬ НА КОГО РОВНЯТЬСЯ СВЕТЛАЯ ДУША, ПОСВЯТИВШАЯ СЕБЯ ТРУДУ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *