ӘлеуметҚоғам

  ЕҢБЕК АДАМЫ — САХНА СЫРТЫНДАҒЫ СИҚЫР: АЙНҰР МАДАЛИЕВАНЫҢ АДАЛ ЕҢБЕГІ

Театр — бұл тек сахна төрінде өнер көрсететін актерлердің ғана емес, сонымен бірге көрермен көзіне түсе бермейтін, бірақ қойылымның сәтті шығуына жан-тәнімен тер төгетін сахна артындағы мамандардың ортақ мекені. Сондай жауапты да қызықты, асқан ұқыптылықты талап ететін мамандықтың бірі реквизитор қызметі болып табылады.

Бүгінде Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында осынау маңызды істі үлкен жауапкершілікпен атқарып, әрбір қойылымның шынайы әрі әсерлі шығуына септігін тигізіп жүрген нағыз еңбек адамы Мадалиева Айнұр Ерғалиқызы.

Реквизитордың жұмысы сырт көзге оңай көрінгенімен, іс жүзінде өте үлкен зейінділікті, тәртіп пен кәсіби шеберлікті қажет етеді. Спектакль барысында қолданылатын әрбір кішкентай зат, хаттан бастап, көне ыдыстар, жиһаздар мен қару-жарақтарға дейін өз уақытында, дәл өз орнында тұруы тиіс. Бірде-бір бұйым назардан тыс қалмауы қажет.

Айнұр Ерғалиқызы театр қойылымдарына қажетті барлық реквизиттерді алдын ала мұқият дайындап, олардың сақталуы мен дұрыс пайдаланылуын жоғары деңгейде қамтамасыз етеді. Оның қолынан өткен әрбір бұйым сахнада тіл бітіп, кейіпкерлердің ішкі әлемін ашуға, сол дәуірдің тынысын дөп басып көрсетуге зор көмегін тигізеді. Өз ісіне деген мұндай адалдық, жауапкершілік пен тиянақтылық оның жоғары кәсіби деңгейін анық байқатады.

Театр ұжымы арасында Айнұр Мадалиева тек өз ісінің шебері ғана емес, сонымен бірге еңбекқор, белсенді, бастамашыл қызметкер ретінде үлкен сый-құрметке ие. Оның бойындағы жоғары ұйымшылдық қасиет пен әріптестеріне деген жылы шырайлы қарым-қатынасы театрдың шығармашылық атмосферасын нұрландыра түседі. Әрбір репетиция мен спектакль кезінде оның жинақылығы мен сергектігі бүкіл ұжымға сенімділік сыйлайды.

Жүктелген кез келген тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындайтын ол, жұмысқа жан-тәнімен берілген, кез келген сәтте сүйене алатын сенімді серіктес. Мінез-құлқы жағынан өте әдепті, тәртіпті және тиянақты Айнұр Ерғалиқызы әрқашан өзін тек жақсы қырынан көрсетіп, театрдың мәдени әлеуетінің артуына өзіндік қомақты үлесін қосып келеді.

Өнер ордасының шымылдығы жабылғаннан кейін де атқарылатын қыруар жұмыстың басында тұратын Айнұрдай өз ісінің шеберлері театрдың ажырамас бөлігі. Сахна сыртындағы осындай елеулі еңбек иелері барда театрдың мәртебесі әрқашан биік, қойылымдары ғұмырлы болары сөзсіз.

ЧЕЛОВЕК ТРУДА ХРАНИТЕЛЬНИЦА ДЕТСКОГО ЗДОРОВЬЯ, ИСТИННЫЙ ЗАЩИТНИК ПРОФСОЮЗА: ОБРАЗЦОВЫЙ ТРУДОВОЙ ПУТЬ РОЗЫ ИЗТЛЕУОВОЙ

Алдыңғы

ЧЕЛОВЕК ТРУДА МАГИЯ ЗА КУЛИСАМИ: ДОБРОСОВЕСТНЫЙ ТРУД АЙНҰР МАДАЛИЕВОЙ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *