Кейбір мекендер болады — олардың тарихы кітап бетінде ғана қалмайды, әр тасы, әр бұлағы, әр самалы өткеннің үнін бүгінге жеткізіп
тұрады. Алтай — сондай қасиетті мекен. Бұл — тек шырайлы шығыстың сұлу өлкесі ғана емес, күллі түркі жұртының алтын бесігі, сан ғасырлық тарих пен өркениеттің бастау алған киелі кеңістігі.
Биыл Қатонқарағай жерінде өткен «Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі осы ақиқатты тағы бір мәрте әлемге әйгіледі. Бірнеше күнге созылған мәдени мереке Алтайды өнердің, достықтың және рухани бірліктің ордасына айналдырды.
Фестивальдің ең үлкен жетістігінің бірі — оның халықаралық деңгейде өтуі. Катонқарағай төріне тек Қазақстанның әр өңірінен ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен 50 мыңнан астам қонақ келді. Түркі дүниесінің әр тарабынан жиналған жұрт бір ғана мерекеге емес, ортақ тарихпен, ортақ рухпен қауышуға келді. Алтай бұл күндері түрлі тілде сөйлеген адамдардың жүрегін бір тілге – бауырластық пен мәдениет тіліне тоғыстырды.
Қатонқарағайдың кербез табиғаты бұл мерекеге ерекше көрік берді. Асқар шыңдарға сүйенген жасыл белестер, мөлдір өзендер мен самал жел фестивальдің ажарын аша түсті. Табиғаттың өзі де адамзаттың ортақ мұрасын ұлықтаған думанға үн қосқандай әсер қалдырды.
Фестиваль аясында ұлттық спорт жарыстары, ақындар айтысы, қолөнер көрмелері, этноауылдар, халықаралық мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Түркі халықтарының әні мен күйі, биі мен салт-дәстүрі бір сахнада тоғысып, ғасырлар бойы үзілмеген рухани байланыстың өміршеңдігін көрсетті. Бұл күндері Алтайда тек өнер көрсетілген жоқ, тарих сөйлеп, дәстүр жаңғырып, ұрпақ сабақтастығы айқын сезілді.
Мерекенің шарықтау шегі — әлемдік деңгейдегі өнер иесі Димаш Құдайбергеннің сахнаға шығуы. Оның әуелеген дауысы Алтайдың асқар шыңдарына қалықтап, кең даланы ерекше күйге бөледі. Мыңдаған адамның бір мезетте үнсіз тыңдап, бір ырғақпен қол соғуы — өнердің ұлт пен шекара талғамайтын құдіретін тағы бір дәлелдеді. Сол сәтте Алтай сахнасы жай ғана концерт алаңы емес, күллі түркі дүниесінің рухани кеңістігіне айналды.
Фестивальге келген әрбір қонақ өзімен бірге ерекше әсер алып қайтты. Бірі Алтайдың таңғажайып табиғатына тәнті болса, енді бірі қазақ халқының қонақжайлығы мен бай мәдениетіне сүйсінді. Ал көптеген шетелдік меймандар үшін бұл сапар түркі өркениетінің алтын қазығы саналатын қасиетті өлкемен жақынырақ танысуға мүмкіндік болды.
Осындай ауқымды шаралардың ұйымдастырылуы — өңірдің туристік әлеуетін ғана емес, Қазақстанның мәдени дипломатиясын да жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Қатонқарағай бұл күндері әлем картасындағы көркем табиғатымен ғана емес, тарихы, мәдениеті мен рухани қуаты арқылы да ерекше танылды.
Алтай тағы бір мәрте өзінің мәңгілік мекен ғана емес, күллі түркі әлемін тоғыстыратын қасиетті бесік екенін дәлелдеді. Қатонқарағай төрінде өткен бұл халықаралық фестиваль тарих пен бүгінді, дәстүр мен заманауи өнерді сабақтастырған тағылымды мереке ретінде ел жадында ұзақ сақталары сөзсіз. Өйткені Алтайдың ұлылығы — тек оның биік тауларында емес. Алтайдың ұлылығы — адамдарды бір шаңырақтың астына жинайтын рухында. Сол рух биыл Қатонқарағайда тағы бір мәрте әлемге танылды.
Қобланды АБЕНОВ













Comments