25 маусым күні Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі мен Корей мәдени орталығы Қазақстандағы корейлер қауымдастығы Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, Алматыдағы Республика сарайында «2026 Korea-Kazakhstan Culture and Trade Week» іс-шарасын ашты.

Іс-шара ағымдағы жылдың қыркүйек айында Корея Республикасында өтетін алғашқы «Корея – Орталық Азия» саммитінің табысты өтуін қолдау, сондай-ақ Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өту және екі ел халықтары арасындағы достықты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

25 маусымда – ашылу күні екі мыңнан астам көрерменнің алдында «Ариран: өткеннің жаңғырығы, бүгіннің үні» атты концерт өтті. Сахнада еліміздегі жетекші мәдени ұжымдардың бірі саналатын Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының әртістері өнер көрсетті. Театр ондаған жылдар бойы Қазақстан корейлерінің мәдени болмысы мен тарихи мұрасын сақтап келеді. 2016 жылы театрға «академиялық» мәртебесінің берілуі оның ұлттық өнерді дамытуға қосқан елеулі үлесінің мойындалуы болды. Кештің көркін «Алматы Әуендері» шығармашылық бірлестігіне қарасты А. Әшімов атындағы театр әртістерінің жарқын өнері аша түсті. Бірлескен бағдарлама Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени үндестіктің жарқын көрінісіне айналып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Фестивальдің екінші күні, 26 маусымда, «K-POP Cover Dance Champion» байқауының финалы жоспарланған. Ал 27 маусымда оңтүстіккореялық K-pop тобы TIOT пен қазақстандық Q-pop тобы ALPHA-ның қатысуымен корей-қазақстандық бірлескен концерт өтеді. Осылайша, екі ел арасындағы мәдени алмасу заманауи танымал музыка арқылы жалғасын табады.

Іс-шара аясында Корея Республикасының ауыл шаруашылығы, балық және азық-түлік өнімдерін сату корпорациясының Мәскеудегі өкілдігі (aT), Корея туризм ұйымының Алматыдағы өкілдігі (KTO), Корея Республикасының Бас консулдығының коммерциялық бөлімі (KOTRA), Корея Республикасының ШОБ және стартаптар агенттігі (KOSME), сондай-ақ LG Electronics Kazakhstan сияқты жергілікті компаниялар өз алаңдарын ұсынды. Республика сарайының алдындағы ашық алаңда аталған ұйымдардың бірлескен аймақтары ұйымдастырылып, келушілер корей тағам өнімдерінен дәм татып, корей косметикасымен, туристік бағыттармен және Корея Республикасының шағын және орта бизнес өнімдерімен танысты. Сонымен қатар Республика сарайының фойесінде Қазақстандағы корейлер қауымдастығы жаңа Алатау қаласында жүзеге асырып жатқан мәдени-іскерлік кешен — K-PARK жобасының арнайы экспозициясы жұмыс істеді.
Іс-шара қарсаңында, 24 маусым күні, KOTRA бастамасымен «2026 CIS Franchise Roadshow» іс-шарасы өтті. Оған қоғамдық тамақтану саласындағы Оңтүстік Кореяның сегіз компаниясы қатысты. Жергілікті серіктестермен өткен B2B кездесулер барысында корей брендтерінің ТМД елдері нарығына шығу перспективалары талқыланды. Іс-шара қазақстандықтардың корей асханасы мен корейдің сыртта тамақтану мәдениетіне деген жоғары қызығушылығын көрсетті.
Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Чжон Кихон:
«Корея мен Қазақстан экономикалық ынтымақтастық саласындағы маңызды серіктестер болып табылады. Бұл іс-шара екі ел халықтары арасындағы достық пен өзара сенімді одан әрі нығайтуға, сондай-ақ мәдени және экономикалық салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ететін маңызды алаңға айналады», – деп атап өтті.
Сондай-ақ ол 2027 жылы Қазақстандағы корейлердің қоныстанғанына 90 жыл толуы қарсаңында екі халықты байланыстыратын ортақ тарих пен мәдени жақындық мәдениет пен өнер саласындағы байланыстармен қатар, экономика мен өнеркәсіп бағыттарындағы практикалық ынтымақтастықтың одан әрі кеңеюіне негіз болады деген үміт білдірді.












Comments