Жаңалықтар

«САЛАУАТТЫ САНА» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ НЫҒАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН КӨШПЕЛІ ОТЫРЫС ӨТТІ

Түркістан облысында қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, отбасы құндылықтарын дәріптеу, жастардың құқықтық және рухани тәрбиесін арттыру бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Салауатты сана» жобасы аясында көшпелі отырыс өткізілді. Аталған іс-шара қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және алдын алу шараларын күшейтуге бағытталды.

Жобаның негізгі мақсаты – қоғамда салауатты сана қалыптастыру, отбасы институтын нығайту, ананың рөлін күшейту және жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу. Сонымен қатар «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында да өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, олардың тиімділігі мен нәтижелері талқыланды.

Көшпелі отырыс барысында аудан және қала деңгейінде аталған жобалардың жүзеге асырылу барысы жан-жақты қаралды. Мамандардың айтуынша, қоғамдағы тұрақтылықтың негізі – отбасы тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды сақтауда жатыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың үздіксіз жүргізілуі маңызды.

Іс-шара аясында халықтық Конституцияны насихаттау, құқықтық мәдениетті арттыру, нашақорлықтың алдын алу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар қоғамда орын алып отырған бұл мәселелерді шешуде бірлескен жұмыстың, профилактикалық түсіндіру шараларының және отбасы институтының рөлі ерекше екенін атап өтті.

Жиында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова сөз сөйлеп, ананың қоғамдағы орны, жас ұрпақты тәрбиелеудегі жауапкершілігі және ұлттық құндылықтарды сақтау маңызы туралы кеңінен тоқталды. Ол отбасы тәрбиесі дұрыс қалыптасқан қоғамда құқық бұзушылық деңгейі төмен болатынын атап өтті.

Сондай-ақ Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев медиация институтының қоғамдағы рөліне тоқталып, дау-дамайды бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастырудың маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, қоғамдағы көптеген келіспеушіліктердің алдын алуға медиация тетіктері үлкен ықпал етеді.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ өкілі Мақпал Ибрагимова да баяндама жасап, өңірде жүзеге асырылып жатқан қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Ол азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік мәселелерді алдын алу және жастармен жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті.

Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының өкілдері де сөз алып, нашақорлықтың алдын алу, құқық бұзушылықтарға жол бермеу және жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін түсіндірді. Олар қазіргі таңда зиянды әдеттердің алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

Сонымен қатар жиынға мектеп психологтары, орта арнаулы оқу орындарының жастар ісі жөніндегі мамандары және директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастармен жұмыс жүргізудегі тиімді әдістер, психологиялық қолдау көрсету және тәрбие жұмысының жаңа тәсілдері туралы пікір алмасты.

Кездесу барысында отбасы құндылықтарын дәріптеу, жастар тәрбиесін күшейту және қоғамдағы бірлікті нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар қазіргі қоғамда рухани тәрбие мен құқықтық мәдениетті қатар дамыту қажеттігін атап өтті.

Мамандардың пікірінше, «Салауатты сана» жобасы – тек ақпараттық кездесу ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыратын маңызды бастама. Бұл жоба арқылы жастар арасында дұрыс өмірлік көзқарас қалыптасып, зиянды әдеттердің алдын алуға мүмкіндік туады.

Жиын соңында қатысушылар мұндай көшпелі отырыстардың маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да бірлескен жұмыс жүргізу қажеттігін жеткізді. Қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайту, отбасы құндылықтарын сақтау және жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеу – баршаға ортақ міндет екені тағы да айтылды.

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ШАРАЛАРЫ ҚАРАЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *