Жаңалықтар

ТАТУЛЫҚ НЕГІЗІ – МЕДИАЦИЯ

Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлік – кез келген мемлекеттің дамуының басты тірегі. Осы бағытта дау-дамайды бейбіт жолмен шешу, азаматтар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттыруда медиация институтының маңызы ерекше. Медиация – жанжалды сотқа жеткізбей, тараптарды келісімге келтіру арқылы шешуге мүмкіндік беретін тиімді құқықтық және әлеуметтік тетік.

2026 жылғы 22 мамыр күні Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің мүшелері «Қоғамдық татулық негізі – медиация» тақырыбында Түркістан қаласындағы «Болашақ» колледжінде жастармен кездесу өткізді. Іс-шара колледж директорының орынбасары Ардақ Оразымбетованың модераторлығымен ұйымдастырылып, оған студент жастар, оқытушылар және сала мамандары қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға құқықтық мәдениетті түсіндіру, медиацияның қоғамдағы рөлін насихаттау және заңға құрмет сезімін қалыптастыру болды.

Іс-шараның ашылу бөлімінде Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары сөз сөйлеп, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің маңызын атап өтті. Ол әрбір азаматтың жауапкершілігі – ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықты сақтауға үлес қосу екенін жеткізді.

Кездесу барысында спикерлер түрлі бағытта мазмұнды баяндамалар жасады. Медиация кеңесінің төрағасы жастарға Конституцияны білу және заң талаптарын сақтау – әр азаматтың негізгі міндеті екенін түсіндірді. Оның айтуынша, құқықтық сауаттылық артқан қоғамда түсініспеушілік пен қақтығыстар азаяды.

Кәсіби медиатор әлеуметтік желідегі мәдениет пен жауапкершілік мәселесіне тоқталып, қазіргі цифрлық кеңістікте әрбір пікір мен әрекет заң аясында қаралатынын атап өтті. Ол жастарды интернеттегі әдептілікке, жалған ақпарат таратпауға және құқықтық нормаларды сақтауға шақырды.

Этномәдени бірлестік өкілі медиацияның қоғамдағы сенім мен сыйластықты нығайтудағы рөліне тоқталып, келісім мәдениеті этносаралық татулықтың да негізгі кепілі екенін айтты. Оның пікірінше, медиация тек дауды шешу құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамдық келісімді күшейтетін маңызды әлеуметтік институт.

Жоғары оқу орнының профессоры өз сөзінде жастардың құқықтық және рухани тәрбиесінде медиацияның орны ерекше екенін атап өтті. Ол студенттерді өзара түсіністікке, сабырлылыққа және жауапкершілікке үндеді.

Кездесу барысында жастар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, мамандар нақты мысалдар арқылы жан-жақты жауап берді. Қатысушылар медиацияның отбасылық, тұрмыстық және қоғамдық дауларды шешудегі тиімділігі туралы ақпарат алып, өз ойларын ортаға салды.

Мамандардың айтуынша, медиация – қоғамдағы сенім мен бейбіт қарым-қатынасты қалыптастыратын маңызды құрал. Бұл институттың дамуы құқықтық мәдениетті арттырып қана қоймай, әлеуметтік шиеленістердің алдын алуға да ықпал етеді. Сондықтан жастар арасында медиацияны кеңінен насихаттау – уақыт талабы.

Кездесу соңында қатысушылар мұндай тағылымды шаралардың жастар тәрбиесінде маңызы зор екенін атап өтіп, алдағы уақытта да құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған кездесулердің жалғасуын қолдайтынын білдірді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАНДА ӨҢІРЛІК ШТАБ ОТЫРЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТТЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *