Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып жүрген Ұлттық ұлан жауынгерлері үшін әскери қызмет – тек тәртіп пен төзімділік мектебі ғана емес, болашаққа бастар үлкен мүмкіндік алаңы. Шымкент қаласында орналасқан 6698 әскери бөлімінде қызмет еткен бірқатар сарбаздар мерзімдік әскери қызмет барысында өздерінің табандылығы мен үлгілі еңбегінің арқасында жоғары оқу орындарының білім гранттарын иеленіп, үлкен жетістікке қол жеткізді. Бұл – жас сарбаздардың арманына жол ашқан әскери қызметтің жарқын жемісі. Әскери тәртіп пен достықтың, төзім мен қайсарлықтың ортасында шыңдалған жас жауынгерлер бүгін өз жетістіктерін мақтанышпен айтады.
Ефрейтор Қонысбай Нұрым Нұрланұлы:
Мен ефрейтор Қонысбай Нұрым Нұрланұлы 2003 жылы Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келгенмін. 9 сыныпты аяқтаған соң, колледжге оқуға түстім, «Жер шаруашылығы» мамандығы бойынша оқуымды қызыл дипломмен аяқтадым. 2013 жылдан бастап бокспен айналысамын. КМС атағына иемін, республикалық жарыстарда жүлделі орындар алдым.
Бос уақытта көркем әдебиет оқығанды жақсы көремін. Алға қойған мақсатым – қандай маман иесі болсам да, өз ісінің шебері болу. 2025 жылы маусым айында Алматы облысынан Ұлттық ұланның Шымкент қаласында орналасқан 6698 әскери бөліміне әскер қатарына шақырылдым. Бір жыл бойы барымды салып, Отан алдындағы қасиетті борышымды үлгілі әрі қырағы атқаруға тырыстым. Әскери өмір мені тәртіпке, сабыр мен жауапкершілікке тәрбиеледі.
Міне, қол жеткізген армандарымның бірі – жоғары оқу орнына білім грантын иелендім. Мен үшін арманымды жүзеге асыруға басты себепкер болған Ұлттық ұланға алғысым шексіз. Ұлттық ұланда қызмет еткенімді әрдайым мақтан етемін!
Қатардағы жауынгер Қани Мұстафа Маратұлы:
Мен қатардағы жауынгер Қани Мұстафа Маратұлы 2004 жылы 14 шілдеде Алматы қаласында туғанмын. Әкем — Қаниұлы Марат Ұлттық ұланда ел қорғауға өмірін арнаған офицер болып, зейнетке шықты. «Тіс дәрігері» мамандығын оқып шыққан соң, Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қатарына әскерге келдім.
Ұлттық ұландағы мерзімдік қызметімнің арқасында жоғары оқу орнына грант ұтып алдым. Бұл – мен үшін ең үлкен жетістіктердің бірі. Әскери орта маған нағыз ер азаматқа тән мінез бен табандылықты үйретті. Офицердің ұлы ретінде Отанымды қорғауға келгеніме қуанамын және қатарлас, замандас достарымды егеменді еліміздің қауіпсіздігін қорғауға шақырамын. Әрбір жауынгердің жарқын болашағына жасалған мүмкіндіктер үшін командирлеріме ризашылығымды білдіремін.
Қатардағы жауынгер Қалымбет Данел Жамбулұлы:
Мен маңғаз дала Маңғыстау өңірінің тумасымын. Өзім қызығатын мамандығым – «Бағдарламашы» болатын. Орта арнайы оқу орнын осы мамандығым бойынша Алматы қаласында аяқтадым. Әскерге келген соң, жауынгерлік қызметтен бөлек қазіргі заманауи трендтегі мамандық – мобилографиямен айналыстым.
Әскери бөлімнің күнделікті жауынгерлік қызметін, сарбаздарымыздың өмірін видеоға түсіріп, кішігірім роликтер жасаймын. Мен әскерде жүріп мобилографияның тың бағыттарымен танысып, білімімді жетілдірдім. Кадр сыртындағы әрбір іс-қимыл шеберлігі үлкен еңбекті талап етеді. Қоғамға Ұлттық ұлан жауынгерлерінің жаңаша, заманауи үлгідегі бет-бейнесін көрсету үшін барымды салдым.
Міне, бір жыл да өте шықты. Әр өңірден келген бейтаныс жігіттер бүгінде бір туған бауырдай болып кеттік. Қимастық та жоқ емес. Ата-анама сүйіншілеген жаңалығым – тегін білім грантын ұтып алу болды. Болашақта ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша жоғары білім алып, еліміздің дамуына өз үлесімді қосамын деп ойлаймын.
Ефрейтор Жаханша Нұрмұханбет Ғафурұлы:
Мен ефрейтор Жаханша Нұрмұханбет Ғафурұлы Сыр өңірінде туғанмын. Бал кезден арманым – ұшқыш болу еді. Мектепті аяқтаған соң «Азаматтық авиация» академиясына оқуға түстім. 6698 әскери бөліміне Отан алдындағы қасиетті борышымды атқару үшін 2025 жылдың маусым айында келдім.
Әскерге көп нәрсені жеңіл ойлайтын, ата-анамның ерке баласы болып келгенім рас. Бірақ бір жылдың ішінде ер жетіп, есейіп, елімнің ертеңіне алаңдайтын азамат болып қалыптастым. Жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындайтын, жаңашылдыққа жақын, бауырмал әрі батыл тұлға тәрбиелеуге барын салған командирлеріме, сержанттарыма алғыс айтамын, оларды мақтан тұтамын.
Әскери авиация университетіне грант ұтып алған сәт – мен үшін ең үлкен қуаныштардың бірі. Арманыма жеткізер алғашқы қадамдарды жасауға мүмкіндік сыйлаған Ұлттық ұлан әскерін ешқашан ұмытпаймын.
Қатардағы жауынгер Келсінбек Алихан Қасымұлы:
Мен қатардағы жауынгер Келсінбек Алихан Қасымұлы 2006 жылы Тараз қаласында туғанмын. Орта арнайы білімім бар. Ұлттық ұланның 6698 әскери бөліміне осыдан бір жыл бұрын келдім. 1 атқыштар ротасында сарбаз-атқыш болып қызмет атқардым. Мерзімдік әскери қызметімнің аяқталуына да санаулы күндер қалды. Мен әскерде жүріп есейдім, ер жеттім, еркелігімді еңсеріп, елге қызмет етудің қадірін түсіндім. Адалдықты, достықты таныдым. Бір сапта иық тірестіре қатар тұрып, әскери өмірдің қиыншылығы мен қызығын бірге көрген қарулас достарыма деген құрметім ерекше. Оларды сағынатын боламын. Үлгілі, үздік болуға тырыстым. Соның нәтижесінде жоғары оқу орнына грант сертификатын алдым. Рахмет саған, Ұлттық ұлан!
Ефрейтор Магаматкул Тағайбек Нұржігітұлы:
Мен ефрейтор Магаматкул Тағайбек Нұржігітұлы Петропавл қаласында туғанмын. Жамбыл облысынан Ұлттық ұланның 6698 әскери бөліміне мерзімдік қызметімді атқаруға шақырылдым. Мамандығым – фельдшер. Ұлттық ұланда қызмет атқара жүріп, жоғары оқу орнына білім грантын ұтып алдым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік, әрі жарқын болашаққа бастар маңызды қадам. Әскери орта мені шыңдап, өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Осындай мүмкіндік сыйлаған Ұлттық ұланға алғысым шексіз.
Ефрейтор Усманов Баратжан Усенұлы:
Ефрейтор Усманов Баратжан Усенұлы Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында дүниеге келдім. Кейін отбасымызбен тарихи Отанымыз – Қазақстанға қоныс аударып, қасиетті қазақ жерінде өсіп, тәрбиелендім. Бала кезден ата-анам еңбекқорлық пен жауапкершілікті бойыма сіңіріп өсірді. Ұлттық ұланның Шымкент қаласында орналасқан 6698 әскери бөліміне мерзімдік әскери қызметімді өтеуге 2025 жылдың маусым айында келдім. Қазіргі таңда 2 атқыштар ротасында сарбаз-атқыш болып абыройлы қызмет атқарып жүрмін.
Орта арнайы білімім бар. Мамандығым – автоэлектрик. Автокөліктердің құрылымы мен техникалық ерекшеліктеріне бала күнімнен ерекше қызығамын. Болашақта осы салада кәсіби маман болуды армандаймын. Әскери қызмет барысында тек жауынгерлік дайындықтан ғана емес, өмірлік үлкен тәжірибеден өттім. Әскер маған тәртіпті, сабырды, төзімділікті және нағыз ер азаматқа тән қасиеттерді үйретті.
Ұлттық ұланда қызмет атқара жүріп, жоғары оқу орнына білім грантын ұтып алдым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік әрі болашаққа жасалған маңызды қадам. Бұл қуаныш менің ғана емес, ата-анам мен жақындарымның да мерейін өсірді. Осындай мүмкіндікке қол жеткізуіме себепкер болған командирлеріме және әскери ортаға ризашылығым шексіз.
Ұлттық ұланда қызмет ету – мен үшін үлкен мақтаныш. Бала шақтан болашаққа бағыт берген, армандарыма қанат бітірген Ұлттық ұланға алғысым шексіз. Мен әскери қызметімді мақтан тұтамын!
капитан Шынжігітова Малика
6698 әскери бөлімі












Comments