Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі дамыту туралы» 2025 жылғы 30 маусымдағы № 927 Жарлығымен қайта құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру және іске асыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа әкелетін себептер мен жағдайлардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша міндеттері мен уәкілеттіктері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді.
Жүктелген өкілеттіктерге сәйкес аумақтық департаментпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында мақсатты көздеген жұмыстар атқарылуда.
Атап айтсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану практикасын бағалау болып табылады.
Ал, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын жою жөнінде шаралар қабылдайды.
Әрине, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысындағы басты мақсаттардың бірі — ол қандай да болсын құқық бұзушылыққа төзбеушілікті қалыптастыру, азаматтарды адалдыққа, парасаттылыққа тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Бұл тек бір мемлекеттік органның ғана міндеті емес, әрбіріміздің міндетіміз екенін түсіндіру.
Алдын алу жұмыстары мектеп жасына дейінгі балалардан бастап жүргізілуі тиіс. Үйде ата-аналар, ата-әжелер, бала бақшада тәрбиешілер, мектепте ұстаздар баланың бойына адалдық қасиеттерін ексе, ертең ол бала құқық бұзушылыққа бармайды. Сондықтан, адамның толыққанды тұлға болып қалыптасуында, әсіресе жасөспірімдер арасында бұл жұмыстың маңызы зор.
«Нөлдік шыдамдылық» мәдениеті жемқорлықтың бірде-бір фактісі назардан тыс қалмайтынын білдіреді. Бұл әрбір азаматтың парақорлықты өз еркімен айыптауы, қабылдамауы.
Ашықтықты, этикалық нормаларды сақтауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету үшін Ақмола облысы әкімдігінің жанында арнайы ведомствоаралық комиссия құрылған.
Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында өткен комиссияның отырысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат бағыты бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру мәселелері қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесі құрылған.
Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеттері сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар әзірлеу.
Кеңестің құрамына жұртшылық өкілдері кіреді, бұл қабылданатын шешімдердің объективтілігін қамтамасыз етеді.
Ағымдағы жылда әдеп жөніндегі кеңестің үш отырысы өтіп, онда қызмет әдебі мен мемлекеттік қызмет нормаларын сақтаудың 11 мәселесі қаралды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру шеңберінде департаментпен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері үшін оқыту семинарлар,квазимемлекеттік сектордың ведомстволық бағынысты ұйымдарының ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылды. Жыл басынан бері жалпы саны 2300 адамды қамтитын 60 ауқымды іс-шара ұйымдастырып, өткізді.
Әлеуметтік желілер мен брифингтер арқылы азаматтық қоғаммен белсенді өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда. Бұл кездесулердің басты мақсаты — заң нормаларын түсіндіру ғана емес, сонымен қатар адал қызмет — табысты мансаптың кепілі деген сенім қалыптастыру.
Мәдениетті қалыптастырудың құқықтық негіздері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қатаң сақтауға негізделеді.
Департамент мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқын анықтайтын негізгі баптарды еске салады:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер: Мемлекеттік функцияларды орындаумен үйлеспейтін қызметке тыйым салады (мысалы, қызметтік ақпаратты жеке мақсаттарда пайдалану немесе сыйлықтар қабылдау).
Жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың немесе жекжаттардың бірлескен қызметіне (жұмысына) жол бермеу: Объективтілікке кепілдік береді және шешім қабылдау кезінде мүдделер қақтығысын болдырмайды.
Мүдделер қақтығысын болдырмау: Жауапты лауазымды атқаратын адамды қызметтік міндеттерін тиісінше орындауға ықпал етуге қабілетті жеке мүдделілігін болдырмау жөнінде шаралар қабылдауға міндеттейді.
Нөлдік төзімділік — бұл бір реттік акция емес, күнделікті таңдау.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасы















Comments