Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында қаладағы оқу орындарының оқытушы-тәлімгерлеріне арналған екі күндік семинар өтті. Оған жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының дуальды оқыту жүйесіне жауапты мамандары қатысты.
Семинар-оқытудың мақсаты – адами капиталды дамыту арқылы еңбек нарығына сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау сапасын арттыру. Сонымен қатар, тараптар арасындағы серіктестікті бұрынғыдан да нығайта түсіп, Шымкенттегі дуальды жүйенің сапасын жоғарылату да көзделген.
Іс-шара барысында тренер-мультипликатор, Кәсіпкерлер палатасының адами капиалды дамыту бөлімінің басшысы Жанар Алтаева дуальды оқытуды тиімді ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін таныстырып, тәлімгерлік институттың маңызын түсіндірді. Оқыту бағдарламасы теория мен практиканы ұштастырып, тәлімгерлердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталды.
«Семинарға қатысушылар, мысалы, ересектерді оқыту әдістемесімен, андрогогика қағидаларымен, сондай-ақ, қазіргі білім беру үдерісіндегі маңызды құзыреттердің бірі саналатын 3К – коллаборация, коммуникация, креативтілік дағдыларымен танысты. Бұл бағыттар тәлімгерлердің білім алушылармен тиімді қарым-қатынас орнатуына, өндірістік оқыту процесін сапалы ұйымдастыруына және студенттердің кәсіби бейімделуін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Семинар барысында практикалық тапсырмалар, кейстік талдаулар, топтық жұмыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өндірістегі нақты жағдайларға негізделген шешім қабылдау дағдыларын жетілдірді. Сонымен қатар, дуалды оқыту жүйесінде білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар арасындағы өзара тиімді әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды», – деді тренер-мультипликатор Жанар Алтаева.
Іс-шара нәтижесінде тәлімгерлер дуалды оқыту процесін ұйымдастыруда нақты әдістемелік құралдар мен практикалық бағыт-бағдар алып, өз оқу орындарында тәжірибені тиімді енгізуге дайын екендерін көрсетті.
Екі күндік бағдарлама қорытындысы бойынша 40-қа жуық маман біліктіліп арттырып, сертификат алды.
Тәлімгерлерге сертификат табыстаған Кәсіпкерлер палатасының директоры бұл жұмыстардың маңызын атап өтті.
«Баршаңызды осы жетістіктеріңізбен құттықтаймыз! Бұл білім-біліктеріңіз сапалы, заманауи талапқа сай мамандар даярлауға жұмсалатынына сенімдіміз. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бұл бағыттағы жұмысын одан әрі жалғастыра береді. Біз оқушылармен, кәсіпкерлермен тығыз серіктестік орнатып, Шымкенттегі дуальды жүйенің дамуына үлес қоса береміз», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.
Палата басшылығының пікірінше, мұндай оқыту семинарлары адами капитал сапасын арттыруға, жастардың еңбек нарығына бейімделуін жеделдетуге және білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететін маңызды алаң болып табылады.












Comments