Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «TAZA QAZAQSTAN» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА БІР КҮНДЕ 20 МЫҢ АҒАШ ЕГІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Түркістан облысында экологиялық акция ұйымдастырылды. Аталған шара Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына орай қорық аумағында өтіп, «Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында Қазақстан Республикасы Президентімен телекөпір байланысы орнатылды.

Табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында өткен акцияға қатысушылар арнайы орнатылған LED экран алдына жиналып, телекөпір арқылы Мемлекет басшысымен тікелей байланысқа шықты. Онлайн кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және «Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының» эко-волентері Айда Орынбасарқызы сөз сөйледі.

Облыс әкімі өңір тұрғындары «Taza Qazaqstan» жалпыұлттық бастамасын белсенді қолдап отырғанын атап өтті.

– Түркістан облысының халқы «Taza Qazaqstan» жалпыұлттық бағдарламасының жазғы маусымын бастауға дайын. Бағдарлама басталғалы өңірде 2 миллионнан астам ағаш егіліп, елді мекендердің санитарлық тазалығы үшін 400-ге жуық жаңа техника сатып алынған. Сонымен қатар 11 саябақ, 8 сквер және 4 аллея пайдалануға берілді. «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында 155 бұлақ, 77 өзен тазартылды. Бүгін облыстың барлық аудан, қаласында «Taza Qazaqstan» бағдарламасы аясында ауқымды іс-шара өткізіліп, 20 мың түп ағаш егілді. Іс-шараға 340 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 350 тонна қоқыс шығарылып, 17 мың гектар жер тазарды. Жалпы 2026 жылы 1 миллионнан астам ағаш егу жоспарланып отыр, – деген облыс әкімі биыл әйгілі «Ақсу-Жабағылы» қорығына 100 жыл толып отырғанын айтып, қорық ұжымы жануарлар мен өсімдіктер әлемін жанашырлықпен қорғап келе жатқанын жеткізді.

Телекөпір аясында Түркістан облысымен қатар Павлодар облысы, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстары тікелей эфирге қосылды.

Жалпы қорық аумағында өткен шараға 2 мыңнан аса адам қатысып, 1000 түп көшет егілді.

Айта кетейік, 1926 жылы құрылған «Ақсу-Жабағылы» қорығы – еліміздегі тұңғыш табиғи қорық. Қорық аумағы 131 мың гектардан асады және Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерімен шекаралас орналасқан.

Қорық флорасы мен фаунасы ерекше бай. Мұнда 1300-ден астам өсімдік түрі, соның ішінде сирек кездесетін қызғалдақтар өседі. Сонымен қатар қар барысы, арқар, таутеке, сілеусін, қоңыр аю сияқты сирек жануарлар мекендейді. Ақсу-Жабағылы қорығы тек табиғатты қорғау орны ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеу жүргізетін маңызды аймақ. Ол ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар тізіміне енгізілген.

В ШЫМКЕНТЕ БОЛЕЕ 6 ТЫСЯЧ МОЛОДЫХ ЛЮДЕЙ ПРИНЯЛИ УЧАСТИЕ В ВОЕННО-ПОЛЕВЫХ УЧЕБНЫХ СБОРАХ

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЯСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *