Жаңалықтар

Шымкентте әскери қызметшілер Ұлттық кітап күні аясында кітапханаға барды

Қазақстанда 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілген. Бұл мереке Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылдан бастап қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыру және рухани дамуды қамтамасыз ету мақсатында атап өтіледі. Оның басты мақсаты – кітаптың білім мен тәрбиенің негізгі көзі екенін айқындау.

Осы дата аясында әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының мерзімді әскери қызметшілері үшін Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханаға танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Сапар барысында сарбаздар кітапхананың құрылымы мен мүмкіндіктерімен танысып, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасы, оның философиялық көзқарастары және әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы мол мағлұмат алды. Қонақтарға заманауи цифрлық ресурстар, оқу залдары және білімге қолжетімділікті қамтамасыз етудің инновациялық тәсілдері таныстырылды.

Әскери қызметшілер кітапхана қызметкерлерімен әңгімелесіп, экскурсиядан кейін оқу залдарында әдебиеттермен өз бетінше танысуға мүмкіндік алды. Сарбаздар ұсынылған кітаптарды қызығушылықпен қарап, өздеріне қажетті тақырыптар бойынша оқып, кітапхананың қызмет көрсету деңгейін, сондай-ақ оның қолайлылығы мен заманауи жұмыс форматтарын жоғары бағалады.

– Бүгінгі экскурсия әрқайсымыздың есімізде ұзақ сақталады. Біз Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен еңбектері туралы көптеген жаңа мәлімет алдық. Оқу залдарында әдебиеттермен таныса отырып, білімімізді тереңдете түстік. Осындай танымдық экскурсияны ұйымдастырған командирлеріміз бен кітапхана қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – деді мерзімді қызмет сарбазы Рамазан Асқар.

Айта кетсек, кітапхана тұрғындарға кітапханалық-библиографиялық және ақпараттық қызметтердің кең спектрін ұсынады. Қазіргі таңда оның қорында 400 мыңнан астам баспа басылымы және 6,5 мыңнан астам электронды кітап бар. Оқырмандар саны 18 мыңнан асады, ал келушілер саны 128 мыңнан жоғары. Жыл сайынғы кітап беру көрсеткіші 216 мың дананы құрайды. Мекемеде 96 маман қызмет етеді.

Кітапхана Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасын және kitap.kz платформасын дамытуға белсенді қатысуда. Цифрландыру кезеңінде QR-кітапхана мобильді смарт-жобасы жүзеге асырылған. Бүгінде жергілікті 60-қа жуық автордың шығармалары оқырмандарға QR-код арқылы қолжетімді.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Военнослужащие других национальностей прославили государственыый язык

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *