Басты ақпаратМәдениетРуханиятТарих

БҰЛ — ТАРИХШЫЛАР МЕН АРХЕОЛОГТАР ҮШІН НАҒЫЗ ОЛЖА 

Қазақ пен өзбек – ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан егіз халық. «Өзбек өз ағам» деп, барымызды бөлісіп, қиындықта демеу болып үйренгенбіз. Сонау бір жылдары елді ашаршылық жайлағанда «Ташкент — нан қала» деп солай қарай ағылып, талай ағайын тірі қалған. Менің түп нағашыларым да солай кетіп, кейін 1955 жылдары туған жеріне көшіп келген екен. Бүгінде осы бұрыннан келе жатқан тамырлас достық жаңа деңгейге көтеріліп, екі елдің басшылары туыстық қарым-қатынасты нығайта түсуде. Қай бір жылы Өзбекстанның бұрынғы Президенті Ислам Каримовтың «Тіріде базарымыз, өлгенде мазарымыз бір» дегенін әлі күнге ел арасында айтылады.

Кеше ғана Өзбекстан мен Қазақстан Президенттері Шавкат Мирзиёев пен Қасым-Жомарт Тоқаев көне Бұхара шаһарында бейресми кездесу өткізді. Екі Президент қаланың тарихи орындарын бірге аралап, емен-жарқын әңгімелесті.

Осы сапардың ең маңызды сәті Шавкат Мирзиёевтің Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстаған бағалы тартуы болды.

Өзбекстан Президенті біздің тарихымызға қатысты өте құнды архив материалдарын берді. Олардың ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи және Рәбия Сұлтан бегім кесенелеріне қатысты көне сызбалар мен суреттер берілген. Бұл жәдігерлер 1920-1950 жылдар аралығында Өзбекстан архивтерінде сақталып келген екен. Ең бастысы, бұл құжаттардың көбі осы уақытқа дейін еш жерде жарияланбаған, ғылыми айналымға түспеген. Бұлар біздің рухани тарихымыздың хатқа түскен айғағы.

Сызбалар мен ескі фотолар арқылы кесенелердің алғашқы бейнесін анықтап, оларды зерттеу жұмыстарына пайдалануға болады. Бұрын-соңды белгісіз болып келген деректер тарихшыларымыз бен археологтарымыз үшін нағыз олжа болмақ.Олардың мұндай қадамға баруы – ортақ тарихымызды бірге түгендеуге деген ниетін көрсетеді.

Иә, түбі бір түркі жұртының мұрасын осылай бірлесе зерттеп, бағалай білу кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге болмақ. Бұл сый – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алтын көпірдің бұрынғыдан да беки түскенін дәлелдейді.

Достығымыз нығая берсін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Базаркүл ҚАЛБЫР,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бұхара саммиті. Екі ел: экономикалық және тарих пен тамырластық

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *