Астанада Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында Бас прокурор Берік Асылов төрағалығымен инвестицияларды қорғау жөніндегі халықаралық форум өз жұмысын бастады.
Ауқымды жиынға отандық және шетелдік инвесторлармен қатар, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі, Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Қазақстан инвесторлары қауымдастығы өкілдері, сондай-ақ Еуропалық Одақтың елшісі қатысуда.
Сонымен бірге форум жұмысына бейнеконференция байланысы арқылы өңірлердің әкімдері мен прокурорлары, бизнес қауымдастық өкілдері онлайн форматта қосылды.
Форумның негізгі мақсаты – елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту.
Жиын барысында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, заңсыз тексерістерге тосқауыл қою, сондай-ақ инвесторларға құқықтық қолдау көрсету мәселелері талқылануда. Бас прокурор атап өткендей, Қазақстанда инвестицияларды қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.
Соңғы жылдары прокуратура органдарының қолдауымен 2 мыңға жуық инвесторға көмек көрсетіліп, 250-ден астам инвестициялық жоба іске қосылып, 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған.











Comments