Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ «БАРЫС» ОРДЕНІ ТАПСЫРЫЛДЫ 

Түркістан – қазақ рухының алтын діңгегі, ер түріктің бесігі атанған киелі мекен. Бүгін осы қасиетті шаһарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін алған Дулат Назарбекұлы Әбіштің қуанышы бүкіл зиялы қауымның, қалам ұстаған қауымның ортақ мерейі десек, артық айтпағанымыз.Бұл марапаттың артында тек лауазымдық биіктік емес, жылдар бойы еткен еңбектің ізі сайрап жатыр.

Дулат заманауи ақпарат айдынында «Айғақтай» ірі медиакешенді қалыптастырып, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі деңгейіне көтерілген кәсіби маман. Осында тәрбиеленген талай журналистердің алды шетелдерде қызмет етіп жүр. Еліміздің түкпір-түкпіпінде де қаламына адалдық танытып жүргендер мол. Оның болмысына көз жіберсеңіз, ол тарих пен бүгіннің арасындағы алтын көпір де болып жүр. Мұны кез келген қалам ұстаған жан ұйымдастыра алмайтыны рас. Дулат Назарбекұлы бір тарих институтының жұмысын атқарып жүр десек, артық емес. Өйткені ол бұл істі кеше бастаған жоқ. Оның есімі аталғанда, көз алдымызға сонау жылдардан бері жанына бір топ зиялы қауым мен әріптестерін ертіп, алыс-жақын шетелдердегі қазақ арыстарының ізімен жүрген тағылымды сапарлары келеді. Бұл жай ғана туристік сапарлар емес, бұл рухани зиярат.

Оның бастамасымен атқарылған игі істердің бірі жат жерде мәңгілік мекен тапқан Тұрар Рысқұловтай, Сұлтанбек Қожановтай, Нәзір Төреқұловтай, Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаевтай асылдарымыздың басына барып, дұға бағыштап қана қоймай, сол бабалар жатқан жерден бір уыс топырақ әкеліп, туған жеріне қойса, олардың туған жерінің топырағын арқалап апарып, олардың қабіріне септі. Шынын айтыңызшы, мұны кез келген адам істей алмайтыны рас қой.Оған «осылай істе» деп ешкім тапсырма беріп те жатқан жоқ. Өзінің жүрек қалауы, патриоттық сезімі. Осы ісі арқылы рухтарды табыстырып, ұрпақтар сабақтастығының шынайы көрінісін атқарып жүрген жан.

Иә, осындай іргелі істерімен ол жастарға ұлттық кодты сақтаудың үлгісін көрсетуде.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты ретінде де ол өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешіп жүрсе, журналист ретінде қоғамның дертін де, мақтан етерлік жақсы жағын да көрсетуде. «Құрмет» пен «Парасат» ордендерінің заңды жалғасы болған бүгінгі «Барыс» орденінің кеудесіне тағылуы оның осы қажырлы еңбегі мен рухани тазалығына берілген мемлекеттік баға деп түсіндім.

Дулаттың бойындағы батылдық пен парасаттылық, оның әрбір ісінен менмұндалап тұрады. «Барыс» ордені тек кеудеге тағылған белгі емес, ол ел алдындағы жауапкершіліктің жаңа белесі.

Құтты болсын! Мерейіңіз әрдайым биіктей берсін!

Базаркүл ҚАЛБЫР,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Шымкент: Әскери қызметшілер «Жаңару күні» аясында көгалдандыру акциясын өткізді

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *