Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: Алғашқы шақырылушылар салтанатты түрде әскерге аттанды

Түркістан қаласындағы «Фараб» қалалық кітапханасында көктемгі әскерге шақыру науқанының басталуына орай алғашқы шақырылушылар тобын ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелеріне шығарып салу рәсімі өтті.

6506 әскери бөлімінің оркестрының сүйемелдеуімен салтанатты жағдайда облыстан шақырылған 41 жас сарбаз Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарына мемлекеттік шекарада қызмет өткеру үшін аттанды.

Іс-шараға ҚР ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті басқармасының бастығы полковник Ерхат Рафиков, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары подполковник Қуанышбек Кулумбаев, Қарулы күштердің ардагерлері, «Сарбаз аналары «Аналар жүрегі» комитетінің өкілі Шарифа Муминова, сондай-ақ Түркістан қаласының «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Подполковник Қуанышбек Кулумбаев өз сөзінде шақырылушыларға әскери-есептік мамандықты меңгеруде табыс тіледі.

— Бүгін біздің облыстан Шекара қызметіне алғашқы шақырылушылар тобы еліміздің Алакөл және Зайсан аудандарына аттануда. Көктемгі шақыру науқаны аясында Түркістан облысынан Шекара қызметіне 18 бен 27 жас аралығындағы 200-ден астам жас жігіт жіберу жоспарланып отыр. Ал жалпы көктемгі науқанда облыстан шамамен 3000-ға жуық жас әскер қатарына шақырылады. Біздің армияда бір жылға созылатын мерзімді әскери қызметті өткеру үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Қызмет аяқталғаннан кейін әрбір сарбаз еліміздің жоғары оқу орындарына тегін түсуге немесе келісімшарт негізінде әскери қызметін жалғастыруға мүмкіндік алады, — деді ол.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті басқармасының бастығы полковник Ерхат Рафиков әскери қызметтің маңыздылығына тоқталды.

— Әскерде қызмет ету — әрбір азаматтың қасиетті борышы ғана емес, әрбір отбасының қауіпсіздігінің кепілі. Қару ұстап, Отан алдындағы борышты орындау — әрбір ер азамат үшін үлкен мәртебе. Бабаларымыз ғасырлар бойы ұлан-ғайыр жерімізді қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. Сол аманатқа лайық болу — әр ұрпақтың парызы. Біз сіздердің елге адал қызмет ететін батыл жауынгер болатыныңызға сенімдіміз. Сапарларыңыз сәтті болсын! Борыштарыңызды абыроймен атқарып, елге есейіп оралыңыздар! — деді полковник Ерхат Рафиков.

Шақыру науқанының жоспарына сәйкес, алғашқы айда ҚР ҰҚК Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері жасақталады. Одан кейін Қарулы күштер, Төтенше жағдайлар министрлігі және Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының әскери бөлімдеріне қабылдау жүргізіледі.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

В Шымкенте гвардейцы отмечают декаду Наурызнама

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *