ЖаңалықтарРуханият

АҚСҮМБЕГЕ САПАР 

Иә, ​тарих деген тек сандар мен деректерден ғана емес, ол ұлттың жадынан тұрады. Осы жадыны жаңғыртып, «өлінің аруағын, тірінің намысын» түгендеп жүрген белгілі журналист, ұлтжанды азамат Дулат Әбіштің еңбегі ерекше. Ол —  тек ақпарат тасушы емес, ұлт арыстарының басына барып Құран оқытып, ұмытыла бастаған есімдерді ел есіне қайта оралтып жүрген руханият жаршысы.

​Жуырда «Айғақ» телерадиокомпаниясының басшысы, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш бастаған бір топ БАҚ өкілдері «Журналист жолда» тақырыбымен Түркістан облысының шалғай аудандарын аралағанда Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектепте де болды. Сонда өткен ұстаздармен кездесуде Дулат Әбіш өзі куә болған тарихи сәттерді тебірене баяндады. Осыдан біраз жыл бұрын, үш арыстың — Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов және Сұлтанбек Қожановтың Мәскеу түбіндегі «Коммунарка» полигонында мәңгілік дамыл тапқаны туралы хабар тараған. Алайда, ресми орындардан хабар болмаған соң, Дулат Әбіш бастаған бір топ елшіл азаматтар білек сыбана іске кіріседі.

​Олар Мәскеуге құр қол бармай, үш арыстың туған жерінен киелі топырақ алып, жат жерде қалған бабалар рухына тағзым етуге аттанады.

​»Мәскеудің қалың орманында үш арыстың есімі жазылған тақтайшаларды үш ағашқа бекітіп тұрып, біз тарих алдындағы парызымызды сезіндік», — деп еске алды журналист кездесу барысында.

​​Кездесудің ең әсерлі тұсы — Дулат Әбіштің сол тарихи сапарда түсірілген құнды суреттерді мектеп ұжымына табыстауы болды. Қызығы сол, бұл игі шараға қазіргі мектеп директоры Мейрам Әлмаханов та кезінде қатысып, куә болған екен.

​Сұлтанбек Қожановтың туған ауылындағы бұл мектеп бүгінде нағыз руханият ордасына айналған. Кіре берістегі мұражай, ұлы тұлға туралы кітаптар мен Дулат Әбіш сыйлаған сол бір тарихи сурет — өскелең ұрпақ үшін үлкен ғибрат болары анық.

​Дулат Әбіш сияқты азаматтардың арқасында арыстарымыздың есімі елмен бірге жасай беретіні анық. «Мен де Дулат досыммен бірге талай жерлерді аралап, талай ұлы тұлғалар басына Құран оқытып, зиярат етіп жүрміз. Біздің әрбір сапарымыз, әрбір жазбамыз қазақ рухын асқақтатуға игі ықпалын тигізсе, біз үшін үлкен қуаныш»,- дейді белгілі журналист Балтабек Түйетаев.

Иә, Ақсүмбедегі жүздесу осының жарқын дәлелі десек артық айтпағанымыз.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Базаркүл ҚАЛБЫР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

В Шымкенте начато строительство современного авиационно-технического центра

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *