Жаңалықтар

Шымкентте заманауи авиациялық-техникалық орталықтың құрылысы басталды

Шымкент қаласының халықаралық әуежайы аумағында «Scat MRO» авиациялық-техникалық орталығы құрылысының ресми басталу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, SCAT Airlines әуекомпаниясының басшылығы және Boeing компаниясының өкілдері қатысты.

Бұған дейін Мемлекет басшысы АҚШ-қа жұмыс сапары барысында «Boeing» трансұлттық корпорациясының басшылығымен кездесу өткізген болатын. Келіссөздер барысында серіктестікті кеңейту, қазақстандық әуе тасымалдаушыларына, оның ішінде «SCAT Airlines» әуекомпаниясына қосымша әуе кемелерін жеткізу, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын құру мәселелері талқыланған болатын.

Жоба Мемлекет басшысының Шымкент әуежайын мультимодальды хаб ретінде дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Шымкент халықаралық әуежайы инфрақұрылымын жаңғырту және оны Оңтүстік өңірдің ірі халықаралық авиациялық-логистикалық орталығына айналдыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Жаңа жолаушылар терминалының іске қосылуы әуежайдың өткізу қабілетін 10 есеге дейін арттырды. Соңғы екі жыл ішінде халықаралық бағыттар саны 10-нан 16-ға дейін, ал ішкі бағыттар 7-ден 12-ге дейін ұлғайды. Сонымен қатар халықаралық жүк тасымалы бағытында ірі әуе компанияларымен әріптестік орнатылып, транзиттік жүк және жолаушылар ағыны тұрақты түрде өсіп келеді.

Бүгін бастау алған жоба – елімізде алғаш рет салынатын заманауи инженерлік-техникалық кешен. Қала әкімі бұл бастаманың тарихи маңызға ие екенін атап өтіп, жобаның жүзеге асырылуы Шымкенттің авиациялық хаб ретіндегі стратегиялық рөлін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әуе кемелеріне қызмет көрсету саласына озық технологияларды енгізуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Жоба аясында жалпы аумағы 10 гектар жер телімінде орналасатын, ангарлық алаңы 6 гектардан асатын, жалпы ауданы 45 000 шаршы метрден асатын кешен салу жоспарлануда. Орталық әуе кемелеріне толық технологиялық қызмет көрсету мен жөндеудің толық циклін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жоба шеңберінде кемінде 15 жоғары технологиялық нысанның құрылысы көзделген.

ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев әуежай инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту және жаңа стратегиялық жобаларды іске асыру Қазақстанның және өңірдің транзиттік әлеуетін едәуір арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Нысан құрылысын 2027 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр. Аталған жоба өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, еліміздің авиациялық инфрақұрылымын сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

ҒЫЛЫМ МЕН АДАМ КАПИТАЛЫ – ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ӨЗЕГІ

Алдыңғы

В Шымкенте начато строительство современного авиационно-технического центра

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *