Арыс аудандық прокуроры Алмас Себжанұлы төрағалығымен интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға арналған кеңейтілген жиын өтті. Жиынның басты мақсаты – құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, интернет алаяқтыққа қарсы профилактикалық шараларды жүйелеу, сондай-ақ халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты іс-қимылдарды жоспарлау болды.
Кездесуге қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, қала әкімдігінің дербес бөлімдерінің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ жауапты сала мамандары қатысты. Кездесу барысында интернет алаяқтық қылмыстарының соңғы уақытта айтарлықтай көбейгені, олардың қоғамға тигізетін әлеуметтік, экономикалық және құқықтық зардабы кеңінен талқыланды.
Құзырлы органдардың мәліметінше, қазіргі таңда интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың ең кең таралған түрлері – онлайн сауда және қызмет көрсету желеуімен адамдарды алдау, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарландырулар тарату, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың жеке деректерін иемдену, сондай-ақ бөтен адамның атына онлайн-несие рәсімдеу. Сонымен қатар, интернет алаяқтар жиі электрондық пошта арқылы жалған хабарламалар жіберіп, жеке тұлғаларды қорқытып немесе сендіріп, қаржылық ақпаратты ұрлауға тырысады. Мұндай қылмыстар көбіне тұрғындардың сақтық шараларын толық сақтамауы, құқықтық сауаттылығының төмендігі және ресми ақпарат көздеріне сенбеуі салдарынан орын алатыны айтылды.
Жиында киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және интернет алаяқтықтың алдын алу бағытындағы негізгі шаралар қаралды. Халыққа дербес деректерді, банк картасының мәліметтерін, SMS-кодтар мен құпиясөздерді ешкімге бермеу, тексерілмеген сайттар мен сілтемелер арқылы төлем жасамау, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу сияқты сақтық ережелерін тұрақты түрде түсіндіру қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, мектептерде, колледждерде және қоғамдық орындарда жастар мен ересектерге арналған ақпараттық-түсіндіру сабақтары мен семинарлар өткізудің маңызы айтылды.
Кеңес барысында интернет алаяқтыққа қарсы мониторинг, алдын алу және жедел әрекет ету механизмдерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Құзырлы органдар жүйелі түрде құқық бұзушылықтар бойынша статистикалық мәліметтер жинап, құқық қорғау қызметтеріне ақпарат беруді тиімді ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жиын қатысушылары алаяқтық фактілерін тіркеу, қылмыстық істерді ашу және азаматтарға құқықтық кеңес беру іс-шараларын күшейтудің жолдарын қарастырды.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, интернет алаяқтықтың алдын алуға бағытталған бірлескен іс-шараларды күшейту жөнінде хаттамалық шешім қабылданды. Сонымен қатар ақпараттық насихаттау жұмыстары – бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, SMS-хабарламалар және ресми сайттар арқылы – тұрақты түрде жүргізілетін болады.
Жиын нәтижесінде қатысушылар интернет алаяқтыққа қарсы күресте әрбір мекеме мен азаматтың жауапкершілігін түсінді, қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін күшейту, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және дербес деректерді қорғаудың маңыздылығы бір мәрте тағы да атап өтілді. Құқық қорғау органдары бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, интернет алаяқтыққа қарсы күресте жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отыр.
КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ












Comments