Әлеуметтік тұрақтылық пен тұрғындардың күнделікті қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Осы мақсатта Жетісай ауданы жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары арасында бірлескен жүйелі жұмыстар жүргізіліп, құқықбұзушылықты азайту, қоғамдық тәртіпті нығайту және қылмысты ашудағы тиімділікті арттыруға бағытталған жаңа жоба – жедел басқару орталығы іске қосылды. Бұл орталық тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға, құқық қорғау қызметтерінің жұмысын жүйелеуге және қылмыстарға жедел әрі сапалы әрекет етуге арналған заманауи технологиялық алаң болып табылады.
Жоба шеңберінде қала, кент және ауылдық округтерде орнатылған бейнебақылау камералары арқылы жиналатын ақпарат орталықтандырылған түрде өңделіп, құқық қорғау органдарына нақты әрі тез шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков аудандық полиция бөлімінде орталық жұмысының тиімділігін тексерді. Олар жүйенің жұмыс принципімен танысып, бейнебақылау камераларының құқықбұзушылықты анықтаудағы рөлін бағалады.
Ауданның бас полицейі Мұрат Ермеков бейнебақылау камераларының криминогендік ахуалды төмендетуге, қоғамдық тәртіпті сақтау мен кез келген қылмысты ізін суытпай ашуға қосатын үлесін атап өтті. Сонымен қатар, көппәтерлі тұрғын үйлердің маңында камералар санын арттыру ұсынылды. Полицей камералар тек қылмыс жасағандарды ғана емес, жол ережесін бұзған көлік жүргізушілерін және жаяу жүргіншілерді де бақылауға алу арқылы қоғамдық тәртіпті күшейтетінін жеткізді.
Жедел басқару орталығының жұмысы аясында бірнеше құқық бұзушылық оқиғалары бірден анықталып, оларға құқықтық баға берілді. Бұл тұрғындардың қауіпсіздік сезімін арттыруға, қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыруға және құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Камералар арқылы жол қозғалысы, қоғамдық орындардағы тәртіп, қоғамдық көліктегі қауіпсіздік шаралары жүйелі түрде бақыланып, кез келген заңбұзушылық оқиғасына жедел реакция жасалады.
Сонымен қатар, жедел басқару орталығы қызметкерлері техникалық мүмкіндіктерді жетілдіру және бейнебақылау жүйесін кеңейту бағытында жоспарлар жасап отыр. Жобаның келесі кезеңінде камералардың саны арттырылып, жасанды интеллект арқылы құқық бұзушылықты автоматты түрде анықтау, деректерді талдау және қауіпті жағдайларға алдын ала әрекет ету мүмкіндігі енгізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың сенімін арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге және қылмыстың алдын алуда құқық қорғау қызметтерінің сапасын айтарлықтай жақсартуға септігін тигізеді.
Жедел басқару орталығының іске қосылуы – құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы биліктің бірлескен күш-жігерінің көрінісі. Бұл жоба қоғамда тәртіп пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, тұрғындардың құқықтарын қорғауға және қылмыстың алдын алуға бағытталған нақты әрі тиімді құрал болып табылады. Аудан әкімдігі мен полиция бөлімшесі алдағы уақытта жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары, құқықтық насихат және бейнебақылау жүйесін кеңейту арқылы жобаның нәтижелілігін арттыруды жоспарлап отыр.
АУДАНДЫҚ ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫ – ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ КҮШЕЙТУ МЕН ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ ЖАҢА САТЫСЫ












Comments