Арыс қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Қуандықтың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ қадағалаусыз және панасыз қалу деректеріне жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды саралау болды.
Комиссия отырысының күн тәртібіне кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың жай-күйі, профилактикалық іс-шаралардың тиімділігі және білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстары енгізілді. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен жұмыс жүргізу, қолайсыз отбасыларды ерте кезеңде анықтау және олармен кешенді профилактикалық шараларды күшейту мәселелері қаралды.
Жиын барысында Арыс аудандық полиция бөлімінің Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Қуаныш Назаров баяндама жасап, аталған бағытта атқарылып жатқан профилактикалық шараларға тоқталды. Ол жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мектептерде және қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар түнгі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылатыны айтылды.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарының рөліне ерекше назар аударылды. Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры Серік Дәуренбеков қосымша баяндама жасап, мектеп қабырғасында жүргізіліп жатқан тәрбие, құқықтық сауаттылықты арттыру және психологиялық қолдау жұмыстары туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, оқушылармен және олардың ата-аналарымен бірлескен кездесулер, құқық қорғау органдары өкілдерімен ашық сұхбаттар, тақырыптық сынып сағаттары ұйымдастырылып келеді.
Баяндамалардан кейін комиссия мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Атап айтқанда, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту және бос уақытты тиімді ұйымдастыру шараларын жетілдіру қажеттігі сөз болды. Сонымен бірге жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуі үшін спорттық және мәдени үйірмелерге тарту жұмыстарын кеңейту ұсынылды.
Жиын қорытындысында тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі әрі кешенді түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Бұл бағыттағы үйлесімді жұмыс – жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және олардың толыққанды дамуына қолайлы орта қалыптастырудың маңызды кепілі екені ерекше айтылды.
КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ












Comments