Кентау қаласы аумағында заңсыз орналастырылған жеңіл конструкциялы сауда дүңгіршектерін анықтау және олардың қызметін ретке келтіру бағытында жүйелі тексеру және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар қаланың сәулеттік келбетін сақтау, абаттандыру деңгейін арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.
Заңсыз орнатылған сауда нысандары қаланың эстетикалық көрінісіне нұқсан келтіріп қана қоймай, жаяу жүргіншілер қозғалысына кедергі келтіруі, санитарлық талаптардың сақталмауына және өрт қауіпсіздігі нормаларының бұзылуына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар мұндай нысандар инженерлік инфрақұрылым желілеріне жақын орналасқан жағдайда қауіпсіздік талаптарына қайшы келеді. Осыған байланысты қала әкімі Жандос Тасовтың тапсырмасына сәйкес, тиісті мекемелер тарапынан алдын алу және түсіндіру шаралары күшейтілді.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру тек жергілікті атқарушы орган бекіткен арнайы орындарда және заңда белгіленген рұқсат құжаттары болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Яғни кәсіпкер сауда нысанын орнатпас бұрын жер телімін пайдалану құқығын рәсімдеп, тиісті келісімдерді алуы міндетті. Бұл талаптар кәсіпкерлік қызметті заңды әрі ашық жүргізуге бағытталған.
Түсіндіру жұмыстарының негізгі мақсаты – кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға заң талаптарын алдын ала жеткізу, құқық бұзушылықтың алдын алу және әкімшілік жауапкершілікке жол бермеу. Осы ретте заңсыз дүңгіршек орнату немесе белгіленбеген жерде сауда жасау фактілері үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204 және 505-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны туралы кеңінен ақпарат берілуде. Аталған баптарда заңсыз кәсіпкерлік қызмет пен абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін айыппұл салу шаралары көзделген.
Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру мақсатында қала әкімінің орынбасары Б. Шәріпбеков және жауапты бөлім басшылары күнделікті рейдтік іс-шараларға қатысып, кәсіпкерлермен бетпе-бет кездесулер өткізуде. Кездесу барысында заң талаптары түсіндіріліп, рұқсатсыз орнатылған нысандарды ерікті түрде алып тастау жөнінде ұсыныстар берілуде. Сонымен қатар заң аясында жұмыс істеудің артықшылықтары мен тәртіпке бағынудың маңыздылығы айтылуда.
Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан бұл шаралар заңсыз дүңгіршектердің санын азайтуға, кәсіпкерлік қызметтің ашық әрі заңды түрде жүзеге асырылуына және қаланың көркейіп, абаттандырылуына оң әсерін тигізеді. Қаланың сәулеттік тұтастығын сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – ортақ міндет. Сондықтан қала аумағында заң талаптарын сақтау әрбір кәсіпкер мен тұрғынның жауапкершілігінде.
КЕНТАУ: ҚАЛА АУМАҒЫНДАҒЫ ЗАҢСЫЗ ОРНАЛАСҚАН ЖЕҢІЛ КОНСТРУКЦИЯЛЫ САУДА ДҮҢГІРШЕКТЕРІНЕ ТЕКСЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ












Comments