ӘлеуметЖаңалықтарЗаңҚоғам

САУАТТЫ ЖАРНАМА – ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ АЙНАСЫ

Сайрам ауданы әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, «Сауатты жарнама – тіл тазалығының айнасы» атты акция аясында ауқымды түсіндіру және бақылау жұмыстары жүргізілді. Аталған іс-шараның негізгі бөлігі Ақсукент ауылы аумағында, нақтырақ айтқанда, Абылай хан көшесі мен Жібек жолы көшесі бойында жүзеге асырылды. Бұл көшелер – ауданның қоғамдық және кәсіпкерлік нысандары шоғырланған маңызды аймақтарының бірі болғандықтан, мониторинг жұмыстары ең алдымен осы аумақтардан бастау алды.
Акцияның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның қоғам өміріндегі беделін арттыру және көрнекі ақпарат құралдарындағы тіл мәдениетін жүйелеу. Жарнама мәтіндерінің сауатты, түсінікті әрі заң талаптарына сай рәсімделуі – тіл тазалығының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Осы орайда Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарының талаптарын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Заң талаптарына сәйкес, жарнамалар мен маңдайшалардағы мәтіндер ең алдымен мемлекеттік тілде сауатты әрі дұрыс жазылуы тиіс.
Мониторинг барысында көшелер бойындағы дүкендер мен сауда нысандарының маңдайшалары, баннерлер, ақпараттық тақтайшалар, сыртқы жарнамалар мен хабарландырулар зерделенді. Тексеру кезінде орфографиялық, пунктуациялық және стилистикалық қателіктерге талдау жасалып, кейбір сөздердің орынсыз қысқартылуы немесе шет тіліндегі атаулардың негізсіз қолданылуы анықталды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдегі мәтіннің көлемі мен сапасына, әріптердің дұрыс таңбалануына, аудармалардың мағыналық дәлдігіне де мән берілді.
Іс-шара тек бақылаумен шектелмей, түсіндіру жұмыстарымен қатар жүргізілді. Шағын және орта бизнес өкілдеріне тіл нормаларын сақтау, жарнама мәтінін дұрыс құрастыру, заң талаптарын орындау жөнінде әдістемелік кеңестер берілді. Кәсіпкерлерге қателіктерді түзету жолдары көрсетіліп, қажет болған жағдайда үлгі мәтіндер ұсынылды. Мұндай жан-жақты тәсіл өз кезегінде кәсіпкерлер мен тіл мамандары арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
Жүргізілген мониторинг нәтижесінде 30-ға жуық жарнама, маңдайша және көрнекі ақпарат нысаны тексерілді. Оның ішінде 17-сінде анықталған қателіктер сол жерде немесе қысқа мерзім ішінде түзетілді. Ал талаптарға сай келмейтін 13 нысан иесіне ресми ескерту беріліп, заң талаптарын орындау туралы хабарламалар жолданды. Бұл көрсеткіштер атқарылған жұмыстың жүйелі әрі нәтижелі болғанын аңғартады.
Сауатты жарнама – тек тіл мәдениетінің ғана емес, жалпы қоғам мәдениетінің көрсеткіші. Көрнекі ақпараттағы әрбір сөз – елдің тілге деген құрметінің айғағы. Сондықтан мұндай шаралар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, сауатты жазу дағдысын қалыптастыруға және жарнама саласындағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Осыған орай аудан тұрғындарын тіл тазалығына бейжай қарамауға шақырамыз. Егер аудан аумағында тіл нормаларына сай келмейтін жарнамалар мен көрнекі ақпараттарды байқасаңыздар, тиісті мекемеге хабар берулеріңізді сұраймыз. Бұл – ортақ іске қосқан үлес, мемлекеттік тілге деген жанашырлықтың нақты көрінісі.
Сайрам ауданының тіл орталығы:
WhatsApp: 8-775-291-19-92
Байланыс нөмірі: +7 702 296 4752

ТҮРКІСТАНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШУДА

Алдыңғы

КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *