
Бүгін білім саласындағы цифрландыру жобаларын таныстыру мақсатында баспасөз-туры өтті. Ол Шымкент қаласындағы А.С. Пушкин атындағы мектеп-гимназиядан бастау алып, оны қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жүргізді.
БАҚ өкілдері білім ордасындағы заманауи цифрлық жүйелердің жұмысымен танысты. Мектепте оқу процесі, оқушылардың қатысуы, қауіпсіздік және әлеуметтік қолдау тетіктері біртұтас электронды платформа арқылы бақылауға алынған. Әсіресе оқушылардың мектепке келуі автоматты түрде тіркеліп, ата-аналарға жедел ақпарат беріледі. Бұл – әрі қауіпсіздік, әрі тәртіп.
Цифрландырудың тиімділігі мектеп асханасындағы жүйеден де көрінеді. Бұрынғыдай нақты келмеген оқушыға тамақ есептеліп кету фактілеріне жол берілмейді. Әрбір бала бойынша дерек нақты тіркеліп, бюджет қаражатының ашық әрі мақсатты жұмсалуына мүмкіндік жасалған.
Жоба білім сапасын арттырумен қатар, басқару жүйесінің айқындығын күшейтіп отыр. Цифрлық бақылау – тек технология емес, ол жауапкершілік пен әділдіктің құралына айналған. БАҚ өкілдері Шымкент мектептеріндегі бұл қадам білім саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты бастама екеніне көз жеткізді десек артық айтқандық емес.
Жанерке ОРАЛБЕК













Comments