Бүгін Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш Ордабасы ауданында тұрғындарды қабылдап, олардың өзекті мәселелерін тыңдады. Қабылдауда ең алдымен Темірлан ауылынан келген екінші топтағы мүгедек тұрғын баспана алу жөніндегі өтінішін жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары О. Сағынбек бұл мәселе бойынша тұрғын үй “Отбасы банк” арқылы конкурстық негізде берілетінін түсіндіріп, заң аясындағы тәртіпті нақтылап өтті.
Қоғамдық қабылдауда бұдан бөлек бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер қозғалды.
Жалпы, қай өңірде, ауылда болса да, елін, жерін сүйген патриот азаматтар болады.
Эрик Аширбердиев сондай жанның бірі. Ол көптен бері Ишан Базар «Ақмешіт» тарихи сәулеттік ескерткішінің директоры болып қызмет етіп келеді. Ол сондағы мұражай экспонаттарының көбеюіне де көп үлес қосқан азамат. Ол бүгін депутат алдында тарихи құндылықтарға байланысты проблемалық мәселелер көтерді. Ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша осы ғимарат жанында көне жерасты үш ошақ орналасқан екен. Оның екеуі 1970 жылдары Шұбар-Шымкент бағытындағы жол салынуына байланысты жол астында қалған. Қазір енді бір ошақ аман. Аудан әкімі болып тұрғанда Нұрбол Тұрашбеков оның үстінен бастырма тұрғызып, жауып берген .Бірақ ол еш мекеме балансында болмағандықтан, тозып барады. «Сондықтан бұл Ишан Базар «Ақмешіт» тарихи ескерткішінің балансына өткізілсе» деген өтінішін жеткізді. «Екіншісі, осында туристік сапармен келушілер көп. Бірақ, жол өте нашар. Осының оң шешілуіне де ықпал етсеңіз»,- деді.
Облыстық мәслихат депутаты Дулат Назарбекұлы мен аудан әкімінің орынбасары О.Болатбекұлы көтерілген ұсыныстар бойынша тиісті заңдық әрі ұйымдастырушылық шаралар қарастырылатынын жеткізді.













Comments