«Шағалалы Шардара» деп талай әнге қосылған Шардара өзінің Шардара су қоймасымен белгілі. Бұл жасанды су айдынының құрылысы 1960 жылы басталып, 1967-1968 жылдары пайдалануға берілген. Оның негізгі мақсаты — егіндікке су беру, гидроэнергия өндіру және өңірдегі су деңгейін реттеу. Су қоймасы қаланың оңтүстік батыс бөлігіне орналасқан. Су айдыны тегіс жерге орналасқандықтан, алыстан қарасаң, аспанмен тұтасып кеткендей әсер береді екен. Қазір қыс болғандықтан айналасындағы қамыс сарғыш тартқан. Шаңқылдаған шағалалар көрінбейді. Шардарада балық өнеркәсібі жақсы дамыған. Онда бірнеше балық өсірумен қатар өңдеу зауыты да жұмыс істейді. Соның бірі облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов басшылық ететін
«Хамит» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне қарасты балық өңдеу зауыты. Онда 250 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Шикізат Атырау, Арал, Балқаш, Көксарай су қоймаларынан да әкелінеді.
Өңделген балықтар Германия, Израиль, Ресей, Литва, Қытай елдеріне экспортталуда.
Депутат Бақытжан Қыпшақбайұлы N16 колледждің практикалық базасын да басқарады. Ал онда түрлі бағыттағы жұмысшы мамандықтары, тігін ісі, тамақ дайындау, сервис және басқа да еңбек нарығына қажетті кадрлар даярланады. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстанға белгілі журналист, «Айғақ» телерадиокешенінің президенті Дулат Әбіш бастаған Қазақстанның Қүрметті журналисі Балтабек Түйетаев, «Айғақ» журналистері Арайлым Әділханқызы, Дулат Ергешбай және тағы басқа әріптестермен бірге аралап, осындай әрбір іс қоғамның дамуына, елдің өркендеуіне үлес қосатынын сезініп қайттық.
Мұнда да әр адамның еңбекке деген құлшынысын көрдік. Мұндағы әр жанның биік белестерге ұмтылысының ар жағында отбасының берекесі жатыр. Ал әр отбасы берекелі болса, елдің ырысы.
Базаркүл ҚАЛБЫР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі













Comments