ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

САЙРАМ АУДАНЫНДАҒЫ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, Сайрам ауданында тұратын бірқатар көпбалалы аналар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Аталған Жарлық аналардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға, отбасы құндылықтарын нығайтуға және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі аналардың ерен еңбегін бағалауға бағытталған.
Салтанатты марапаттау рәсімі аудан орталығында өтіп, оған Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев қатысты. Рәсім барысында 13 көпбалалы анаға мемлекеттік марапаттар табысталды. Атап айтқанда, 2 ана «Алтын алқа» төсбелгісімен, ал 11 ана «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталды. Бұл наградалар – көпбалалы аналардың қоғам алдындағы зор еңбегіне берілген жоғары бағаның айқын көрінісі.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Мадияр Оразалиев марапат иелерін шын жүректен құттықтап, аналардың отбасындағы, қоғамдағы және ел болашағын қалыптастырудағы ерекше рөліне тоқталды. Ол ана – отбасының тірегі, ұлттың ұйытқысы екенін атап өтіп, бала тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбектері мен төзімі үшін алғыс білдірді.
– Көпбалалы аналар – ел демографиясының өсіміне, ұлттың болашағына өлшеусіз үлес қосып отырған жандар. Сіздердің мейірімдеріңіз бен тәрбиелеріңіз арқылы саналы, білімді, отансүйгіш ұрпақ өсіп келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен марапат – осы еңбектеріңізге деген құрметтің белгісі, – деді аудан басшысы.
Іс-шара барысында марапатталған аналарға гүл шоқтары табысталып, ізгі тілектер айтылды. Аналар өз кезегінде мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық пен қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, бала тәрбиесіне қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Айта кетейік, бүгінде Сайрам ауданында көпбалалы отбасылардың саны айтарлықтай. Аудан бойынша жалпы 12 913 көпбалалы ана тіркелген. Олардың ішінде 129 ана «Батыр ана» атағына ие болса, 3 843 ана «Алтын алқа», 4 934 ана «Күміс алқа» иегері атанған. Сонымен қатар, 355 ана І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Бұл көрсеткіштер Сайрам ауданында отбасы институтының берік екенін және демографиялық өсімнің жоғары деңгейде сақталып отырғанын көрсетеді.
Мемлекеттік марапаттар аналардың қоғамдағы мәртебесін арттырып қана қоймай, жас ұрпақты отбасылық құндылықтарды қадірлеуге, ата-анаға құрмет көрсетуге тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта да Сайрам ауданында көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламалар мен игі бастамалар жалғасын табатын болады.

КӨКСАЙ: ЕСКІ ҮЙЛЕРДЕГІ ОТБАСЫЛАР ҚОНЫС АУДАРДЫ

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *