Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аудан аумағында мақта-тоқыма өндірісі саласын дамыту мақсатында Қытай Халық Республикасының «TEXHONG GROUP HOLDINGS» компаниясының инвесторларымен ресми кездесу өткізді. Кездесу өңірге шетелдік инвестиция тарту, өндірістік әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жүйелі жұмыстар аясында ұйымдастырылды.
Жиын барысында тараптар Сарыағаш ауданының инвестициялық мүмкіндіктері, мақта-тоқыма саласын дамыту перспективалары, заманауи өндіріс орындарын ашу, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, сондай-ақ жобаларды іске асыруға қажетті инфрақұрылым мәселелерін жан-жақты талқылады. Аудан әкімі өз сөзінде Сарыағаштың географиялық тұрғыдан тиімді орналасқанын, ауыл шаруашылығы шикізатына жақын екенін және еңбек ресурстарының жеткілікті екенін атап өтті.
Арман Абдуллаев инвесторларға аудан аумағында өндірістік жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасалатынын, жер телімдерін рәсімдеу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және әкімшілік кедергілерді азайту бағытында жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Оның айтуынша, мақта-тоқыма өндірісін дамыту – өңір экономикасын әртараптандырудың және қосылған құны жоғары өнім өндірудің маңызды бағыты болып табылады.
Кездесу алдында аудан әкімі мен инвесторлар Дарбаза индустриялық аймағына арнайы барып, жоспарланып отырған зауыттың құрылысы үшін ұсынылған жер телімдерін қарастырды. Инвесторлар өндіріс орны орналасатын аумақтың инженерлік инфрақұрылымымен, электр, газ, су жүйелеріне қолжетімділігімен танысып, логистикалық мүмкіндіктеріне оң бағасын берді. Сонымен қатар, өндірістік кешенді кезең-кезеңімен іске қосу жоспарлары талқыланды.
Инвесторлар тарапынан мақта талшығын өңдеуден бастап дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді жолға қою мүмкіндігі қарастырылып отырғаны айтылды. Бұл өз кезегінде жергілікті шаруалар үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастырып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін бермек.
Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі тиісті сала басшыларына жобаларды сүйемелдеу, инвесторлармен тұрақты байланыс орнату және келісілген жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар жобалардың әр кезеңі қатаң бақылауда болатынын атап өтті.
Айта кетейік, аталған мақта-тоқыма өндірісі жобалары іске асқан жағдайда Сарыағаш ауданының экономикасы жаңа деңгейге көтеріліп, жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді.
САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА МАҚТА-ТОҚЫМА ӨНДІРІСІ ЖОБАЛАРЫН ІСКЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ












Comments