Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Түркістан облысына келіп, Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың жай-күйін пысықтады. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аймақта атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сарыағаш ауданына қарасты Жартытөбе ауылдық округіндегі Достық елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Аталған елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Универсал Строй Сервис» ЖШС жүргізді. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нәтижесінде 890 абонент таза ауыз сумен қамтылды.
Жалпы 2025 жылы Сарыағаш ауданында 8 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, ауыз сумен қамту деңгейі 92,1 пайызды құрады.
Сарыағаш ауданына іссапар барысында Премьер-Министрдің кеңесшісі Дарбаза ауылдық округінде орналасқан «Сарыағаш құс» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшысы Мұрат Талманның мәліметінше, бүгінде серіктестікте жұмыртқа өндіруге бағытталған 130 мың бас құс өсірілуде. Кәсіпорында өндірілген өнімдер аудан және облыс аумағындағы сауда нүктелеріне жеткізіліп, жергілікті тұрғындар сапалы әрі қолжетімді жұмыртқамен қамтамасыз етіліп отыр. Ералы Тоғжанов өндіріс көлемін ұлғайтуға, құс шаруашылығын дамытуға және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бастамаларды жоғары бағалады.
Былтыр «Сарыағаш құс» ЖШС өндіріс аясын кеңейту мақсатында қосымша 50 мың басқа арналған жаңа құс фабрикасының құрылысын аяқтады. Өндіріс орны Германия елінен алып келінген заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Бұл өнім сапасын арттырып, кәсіпорынның жалпы өндірістік тиімділігін едәуір жоғарылатуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар серіктестік биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, құрама жем өндіретін цехты іске қосты. Жаңа өндірістік нысан құс шаруашылығындағы шығындарды азайтып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайтуға оң әсерін тигізуде.
Осы күні ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша мәжіліс өтті. Жиын барысында Түркістан облысы тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі мен алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды.
Жиында тапсырмалардың орындалу барысы туралы Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылы облыс аумағында 30 елді мекенді ауыз сумен қамтуға бағытталған жобалар іске асырылды. Нәтижесінде облыстағы 801 елді мекен (7 қала, 794 ауылдық елді мекен) толық орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, белгіленген индикаторлық көрсеткішке қол жеткізілді.
Жиын барысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов өңір аумағында араланған нысандардың қазіргі жағдайы туралы баяндады. Сонымен қатар аудан және қала әкімдері ауыз сумен қамту бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Мәжіліс соңында ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Түркістан облысы әкімдігімен бірлесіп, жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту және қаржыландырудың өзге де көздерін қарастыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Айтылған мәселелер мен ұсыныстар Үкімет басшысының атына жолданатын қызметтік жазбаға және мәжіліс хаттамасына енгізілетін болады.
ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ САРЫАҒАШТАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖӘНЕ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ













Comments