Келес ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадірбек және Әлішер Сатыбалдиев, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев арнайы келіп, «Ecoculture–Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылыс барысымен танысты. Жылыжай кешенінің жүзеге асырылу барысын аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев егжей-тегжейлі таныстырды. Кездесу барысында нысанның қазіргі жағдайы, құрылыс кезеңдері, технологиялық ерекшеліктері және жоба аясында жүзеге асырылатын шаралар жөнінде толық ақпарат берілді.
Ақтөбе ауылдық округінде жалпы 500 гектар жерге жоспарланған жылыжай кешенінің бірінші кезеңі 51,26 гектар аумақта жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны 42 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде «Қазақстан Даму Банкі» тарапынан 23,5 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мақұлданған. Қазіргі таңда кешеннің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, 8 блоктан тұратын қазандық құрылысы 80 пайызға орындалған, ал жалпы қуаттылығы 14 МВт болатын 9 қазандық орнатылды. Сонымен қатар, 37,76 гектар аумақта жылыжай блоктарын полиэтиленмен қаптау жұмыстары толық аяқталып, 12,5 гектарлық екі блок көшет отырғызуға дайын күйге келтірілген.
Өткен қазан айында 6,25 гектар жерге «Климон F1» қызанақ көшеттері отырғызылды. Қазіргі таңда нысанда 100 адам жұмыспен қамтылған, ал жоба толық іске қосылған кезде тұрақты жұмыс орындарының саны 1337 адамға жетпек. Жылыжай кешені жылына 25 мың тоннаға дейін өнім өндіруге бағытталған және өндірісте голландиялық озық технологиялар қолданылуда. Бұл технологиялар өнімділікті арттырып қана қоймай, энергияны үнемдеуге, су ресурстарын тиімді пайдалануға және өсімдіктердің сапасын жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Жобаны толық іске асыру мақсатында нысанды газ, электр және су жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс барысында заманауи инженерлік шешімдер мен автоматтандырылған жүйелер енгізілуде, бұл кешеннің тиімділігін арттырады және өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, агротехника саласында кәсіби мамандарды даярлау және жұмысшылардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Кездесу барысында Сенат және Мәжіліс депутаттары жылыжай кешенінің өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті. Олар құрылыс жұмыстарының қарқынына оң баға беріп, жобаның іске қосылуы Келес ауданының экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға және жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізетінін жеткізді. Депутаттар сондай-ақ өндірістік нысанның заманауи стандарттарға сәйкес салынуын, қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын және жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім сапасын арттыру қажеттілігін атап өтті.
Осылайша, «Ecoculture–Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, Келес ауданында агроөнеркәсіп саласын дамытуға және отандық азық-түлік өндірісін арттыруға бағытталған ауқымды жобалардың іске асырылуының үлгісі болып отыр. Жоба іске қосылған кезде ауданда жаңа жұмыс орындары ашылып, өнім көлемі мен сапасы елеулі түрде артатыны күтілуде, бұл жергілікті экономика мен экспорттық әлеуетті нығайтуға үлкен үлес қосады.
КЕЛЕС: КЕЛЕСТЕ ЕҢ ІРІ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ













Comments