Келес ауданындағы «Saf» шаруашылық сабын өндірісі кәсіпорны 2018 жылы шағын цех ретінде Абай ауылында ашылды. Кәсіпорынды Гүлсін Абдурахманова мен жолдасы Асылбек Есімханов бірлесіп негізін қалады. Бастапқыда шағын өндіріс болып бастаған кәсіп бүгінде тұрмыстық химия өнімдерінің кең спектрін шығаратын деңгейге жетті. Оның ішінде кір сабыны, сұйық сабын, жуғыш заттар мен басқа да тұрмыстық химия өнімдері бар. «Saf» өнімдері тек Қазақстан нарығына ғана емес, шетелдерге де экспортталып, отандық өнімнің халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.
Кәсіпорынның жұмысымен танысу үшін ауданға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Али Бектаев, Мұрат Қадырбек және Әлішер Сатыбалдиев арнайы келді. Депутаттар кәсіпорын қызметімен танысып, өндірістің даму барысы, кәсіпкерлікті қолдау және аудандағы шағын және орта бизнес саласындағы ынталандыру шаралары туралы ақпарат алды. Кездесу барысында өндірістің технологиялық процесі мен өнім сапасы егжей-тегжейлі көрсетілді.
«Saf» өндірісінде өнім сапасын және технологиялық процестерді Асылбек Есімханов қадағалайды. Ал өндірісті ұйымдастыру, құжаттарды рәсімдеу және жұмыс үдерісінің тұрақтылығын Гүлсін Абдурахманова тікелей бақылайды. Қазіргі таңда цехта 30 адам тұрақты жұмыс істейді. Қажет кезінде өнімге деген сұраныс айына 100 тоннаға дейін жетеді. Кәсіпорынның ұжымдық жұмысы мен ұйымдастырушылық қабілеті өнім сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Кәсіпорын теңқұрылтайшысы Гүлсін Абдурахманова өз ойымен бөлісті: «Сабын өндірісін тақыр жерден бастадық. Бейнет пен ынтымақтың арқасында көптеген қиындықтарды еңсердік. Бүгінде кір сабынымыздың шикізатын өзге кәсіпорындар да сатып алуда. Бұл – үлкен жетістік. Бәсекеге қабілетті болу үшін даму мен ізденісті тоқтатпау қажет». Оның айтуынша, өндірістік процестерді жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу және сапалы шикізат қолдану кәсіпорынның негізгі приоритеті болып табылады.
«Saf» кәсіпорнының табысты дамуы Келес ауданында шағын және орта бизнесті дамыту, отандық өнімдерді қолдау бағытында үлгі болып отыр. Өнімдер тек дәстүрлі сауда орындарында ғана емес, сонымен қатар отандық және шетелдік маркетплейстер арқылы сатылуда. Бұл кәсіпорынның нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, отандық өнімді ілгерілетуге қосқан үлесі айқын көрінеді.
Кездесу барысында Сенат депутаттары өндіріс сапасына және өндірістік процестің тиімділігіне жоғары баға беріп, кәсіпкерлерге индустриалдық аймақ аумағында өндірісті кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану жөнінде нақты кеңестер берді. Сондай-ақ, депутаттар кәсіпорын ұжымын қолдап, аудандағы шағын және орта бизнесті дамытудың стратегиялық бағыттары туралы ұсыныстарын жеткізді.
Осылайша, «Saf» кәсіпорны Келес ауданында отандық өндірістің дамуына үлгі болып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және өңірлік экономикаға оң әсерін тигізуге мүмкіндік туғызуда. Кәсіпорынның табысты дамуы аудандағы кәсіпкерлікті қолдау саясатының тиімділігін көрсетіп, басқа кәсіпкерлерді де инновациялық және сапалы өнім шығару арқылы нарықта өзін көрсетуге ынталандыруда.
КЕЛЕС: КЕЛЕС АУДАНЫНДА ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС ДАМУДА













Comments