Түркістан облысында инвестициялық тартымдылықты арттыру және өңірдің экономикалық әлеуетін күшейту мақсатында ірі жобаларды жүзеге асыруға ниетті шетелдік компаниялардың саны артып келеді. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кездесу өткізіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан және болашақта жоспарланған инвестициялық жобаларды талқылады.
Облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлы шетелдік капитал үшін Түркістан облысының сенімді әріптес екенін атап өтіп, екіжақты тиімді жобаларды қолдауға дайын екендігін жеткізді. Ол шетел азаматтарына жер берілмейтінін, алайда мемлекет немесе жергілікті шаруалармен бірлесіп жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін айтты. Сондай-ақ, туындаған мәселелерді шешуге дайын екендігін, басты мақсат – жобалардың іске қосылып, нақты нәтиже беруі екенін ерекше атап өтті.
Қазіргі таңда Жетісай ауданында Қытай елінің үздік тәжірибесі негізінде су үнемдеу жабдықтарын өндіру бойынша жобалар қолға алынды. Асықата кентіндегі индустриалдық аймақта «Altyn kun group» ЖШС бастамасымен агроөндірістік кешенді дамыту жобасы іске асырылуда. Жобаның жалпы көлемі 8 гектар аумақты қамтиды және 4 зауытты іске қосу жоспарланған.
Жобаның бірінші кезеңінде 4 гектар жерге қуаттылығы 3000 тонна болатын ПВХ құбырын өндіру зауыты іске қосылды. Сонымен қатар жылына 3 миллион метр тамшылатып суару лентасын шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Қалған аумақта қуаттылығы 5000 тонна агрономиялық пленка және 5000 тонна гранула өндірісі зауыттары іске қосылады. Инвесторлар жобаны іске асыру үшін 10,0 млн АҚШ долларын салмақ. Жобаны толық жүзеге асыру барысында 100 жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарланған.
«Altyn kun group» ЖШС құрылтайшысы Лю Кесонг жобаның алғашқы өндірістік желісін үш ай көлемінде іске қосқанын атап өтіп, облыстық және аудандық әкімдік тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын білдірді. Сонымен қатар, ол смарт технология арқылы егін егуге ниетін білдіріп, қосымша қолдау сұрады. Қытайлық серіктестер жобаның инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытып, Түркістан өңіріндегі мүмкіндіктермен танысуға арнайы келгенін айтты. Кездесу барысында құрылыс, сауда және агросала өкілдері өз жобаларын таныстырды.
Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысы экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Нәтижесінде облыс бойынша 146 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ал, Жетісай ауданына 2025 жылдың 11 айында 42,4 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 110,6 пайызға жетті. Оның ішінде жеке кәсіпорындардың инвестиция көлемі 26,3 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 113,9 пайызды құрады.
Осылайша, Жетісай ауданында шетелдік инвесторлар арқылы жүзеге асырылып жатқан агроөндірістік кешен жобасы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаңа өндірістік қуаттар құруға және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге зор үлес қосып отыр. Жобаның сәтті іске асуы жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашуға, агроөнеркәсіптік саланы дамытуға және өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
ЖЕТІСАЙ: Жетісайда шетелдік инвесторлар агроөндірістік кешенді сәтті жүзеге асыруда













Comments