Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – өңірлердегі криминогендік ахуалдың жақсаруына ықпал ету, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбылық алдын-алу, кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың өсуіне жол бермеу.
Осы орайда Жетісай аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ақпараттық-профилактикалық семинар-кеңес өтті. Аудандық полиция бөлімінің басшысы Мұрат Ермеков төрағалық еткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Намазов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен депутаттар, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен білім беру бөлімінің басшысы Толқын Айгенжиева, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен білім беру ұйымдарының басшылары, ювиналды полиция инспекторлары мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, БАҚ өкілдері мен ауыл билері, облыстық бағыныстағы мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібінде аудан аумағында құқықбұзушылық профилактикасын кешенді жүзеге асыру шараларын нақтылау, пысықтау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен оларға қатысты зорлық-зомбылық профилактикасы бағытында уәкілетті органдармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі талқыланды.
Жиын барысында аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Бағлан Ақтаев аудандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігінің, жол-көлік оқиғаларының, есірткі құралдарының айналымы мен мал ұрлығына байланысты қылмыстардың, желілік, әлеуметтік және өзге де интернет-алаяқтықтың түрлері бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырса, аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Серік Пірімбеков өткен жылы атқарылған жұмыстар мен қабылданған шешімдердің есебін берді. Алдағы атқарылар жұмыстардың жоспарымен бөлісті.
Ал, аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Намазов «Қауіпсіз балалық шақ» концепциясының алгоритімі аясында кәмелетке толмағандар арасында орын алуы ықтимал қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, түнгі уақыттарда ата-анасынсыз үй-жайынан тыс жерлерде, компьютерлік ойынханалар мен мейрамханаларда болуларына тыйым салу, кәмелетке толмағандар арасында күш көрсету, әлімжеттік, өз-өзіне қол жұмсау (суицид), ерте жүктілік фактілерін болдырмау, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналарды анықтап, жүргізілетін тиісті жұмыстарды күшейтуге шақырды.
Сондай-ақ, «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінің басшысы Ақбаян Төлбасықызы жас ұрпақты отбасы құндылықтары арқылы тәрбиелеу жолдарын жетілдіру, Отанын, туған жерін сүйіп, оны қорғай білуге үйрету, ұлдардың бойында патриоттық сезім мен адамгершілік сананы, қыздардың бойында инабаттылық пен имандылықты қалыптастыру, ата-ананың перзент алдындағы міндеті мен перзенттің ата-ана алдындағы парызы жайында баяндама жасады.
Еркін форматта өткен жиын барысында ұйымдастырушылар тарапынан үнпарақшалар таратылып, жасалатын қылмыстардың себептері мен салдары, заң аясындағы жауапкершілігі жайында толық мағлұмат беретін бейнероликтер көрсетілді. Қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынды.
ЖЕТІСАЙ: ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ












Comments