Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің өңірлерде өндіріс орындарын ашу арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету, азаматтардың әлеуетін арттыру бойынша берген тапсырмалары аясында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында бірқатар инвесторларды қабылдады. Кездесу барысында кәсіпкерлер өз жобаларын таныстырып, өңірде өндірісті дамытуға қызығушылықтарын білдірді.
Кірпіш өндірісі, көлік логистикасы мен жүк тасымалы, сондай-ақ су үнемдеу технологияларына қажетті пластикалық құрал-жабдықтар шығару бағытында жұмыс істейтін кәсіпкерлер өз жобаларын жан-жақты таныстырып, өндірістік мүмкіндіктер мен талаптарды талқылады. Аудан әкімі инвесторлармен өткізген кездесуде өңірдің аграрлық сектордағы әлеуетіне, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуге қолайлы климаттық жағдайларға, еңбек ресурстары мен көлік-логистикалық мүмкіндіктерге кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, Серік Үсенұлы инвесторларға аудан аумағында қолайлы бизнес жағдай жасау мақсатында құрылған индустриялды аймақ пен өндірістік парктің инженерлік инфрақұрылымдармен толық қамтамасыз етілгенін айтып өтті. Кәсіпорындардың жобаларын жедел іске асыру үшін жер телімін бөлу, инфрақұрылымға қосу және құжат рәсімдеу мәселелері, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық және қаржылық жеңілдіктер туралы толық ақпарат берілді.
Кездесу барысында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жолдары, сондай-ақ жобаларды жүзеге асыру барысында жергілікті атқарушы органның жан-жақты қолдауы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімінің атап өтуінше, инвесторларға қолайлы жағдай жасау – өңір экономикасын әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын ашудың басты факторы болып табылады.
Инвесторлар өз кезегінде ауданның өндірістік әлеуетіне жоғары баға беріп, ұсынылған инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау шаралары жобаларды іске асыруға қолайлы екенін атап өтті. Тараптар алдағы уақытта нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңір экономикасын әртараптандыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Аталған кездесудің нәтижесінде инвесторлармен байланыс нығайтылып, өндірісті дамыту және индустриялық секторды кеңейту бағытындағы іс-шаралар нақты жоспарға сәйкес жүзеге асырылатын болады. Мұндай іс-шаралар Жетісай ауданының инвестициялық климатын жақсартып, өңірдің экономикалық дамуына серпін беруге, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
ЖЕТІСАЙ: Жетісайда аудан әкімі инвесторлармен өндірістік жобаларды талқылады













Comments