Бүгін елімізде Тәрбиеші офицерлер күні аталып өтілуде. Бұл мереке әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық ахуалына жауапты мамандарды, патриоттық сананы қалыптастыруға үлес қосатын кәсіби офицерлерді, сондай-ақ әскери ұжымдарда қолайлы ахуал орнатып, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауға жауапты тұлғаларды құрметтеуге арналған.
Мерекеге орай Арыс қаласындағы Ардагерлер үйі орталығында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараға қалалық Ардагерлер кеңесі жанындағы «Әкелер мектебі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Иманқұл Қалиев, Арыс гарнизоны бастығының орынбасары подполковник Бағдат Мыңбаев, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлері Әбдіхалық Қаныбеков, Жаңабай Медетбеков сынды ардагерлер қатысты.
Жиын барысында қатысушылар жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің, өскелең ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырудың және ел армиясының әлеуетін нығайту мәселелерінің маңыздылығын кеңінен талқылады. Дөңгелек үстел барысында тәрбиеші офицерлердің әскери қызметшілермен және жастармен жүргізетін тәрбиелік жұмыстарының мәні мен мәні ерекше атап өтілді. Мамандардың айтуынша, тәрбиеші офицерлердің кәсіби қызметі әскери ұжымдарда тәртіп пен моральдық ахуалды қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
Іс-шара барысында жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, олардың бойында елжандылық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру бағытындағы әдістемелік жұмыстарға тоқталынды. Сонымен қатар, әскери салада өнегелі қызмет етіп жүрген бірқатар ардагерлерге Арыс гарнизон бастығы полковник Нұрболат Нұрышовтың атынан алғыс хаттар табысталды. Бұл – олардың әскери тәрбие мен патриоттық сананы қалыптастырудағы ерекше үлесін бағалаудың көрінісі болды.
Мұндай тағылымды кездесулердің маңызы зор. Олар жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімін қалыптастыруға, әскери қызметтің беделін арттыруға және жастарды ел қорғауға бейімдеуге ықпал етеді. Тәрбиеші офицерлердің тәжірибесі мен кәсібилігі әскери тәрбие мен оқыту жүйесінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қоғам мен жастар арасында елге деген сүйіспеншілікті нығайтуға бағытталған маңызды құрал болып отыр.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар әскери тәрбие, патриоттық білім беру және жас ұрпаққа арналған іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Мұндай кездесулер болашақ ұрпақтың бойында азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға, әскери қызметке деген қызығушылықты арттыруға және патриоттық құндылықтарды насихаттауға үлкен үлес қосатыны сөзсіз.
Арыста Тәрбиеші офицерлер күніне орай дөңгелек үстел өтті












Comments