Кеше, 24 қаңтарда, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Қызылордадағы Ұлттық құрылтай өткен күннің ертеңіне, 21 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Сонымен, отырысқа Конституциялық Сот Төрағасы, Конституциялық комиссияның төрағасы Эльвира Әзімова жетекшілік етті. Ал комиссия төрағасының орынбасарлары — Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин мен Премьер- министрдің орынбасары Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Комиссия құрамына Парламент депутаттары, мәслихат төрағалары, БАҚ өкілдері, қоғам өкілдері және тағы басқалар енген.
Иә, алғашқы отырыстың өзінде бірнеше мәселелер қаралды.
Бұл жиынның басты мақсаты — Конституцияны реформалауды заңдық тұрғыдан пысықтау. Комиссия төрағасының айтуы бойынша барлық ұсыныс жан-жақты қарастырылып, сарапталады. Конституциялық жалпы шешім бүкілхалықтық референдумда қабылданады. Әрине, соңғы шешімді республикалық референдум арқылы халық өзі қабылдайды.
Вице-Президент қызметі туралы айтылды. Оны Президент ұсынады, тағайындау Парламенттің (Құрылтайдың) келісімімен жүзеге асады. Ол депутат болмайды, кәсіпкерлікпен айналыспайды. Бұл институт енгізілгенде, Мемлекеттік қызметші қызметі тоқтатылады. Ол Халықаралық деңгейде өкілдік етеді, сондай-ақ мемлекеттік органдармен байланыста Президент атынан әрекет жасайды. Шетел және өз елімізде қоғамдық- саяси, ғылыми, мәдени ұйымдармен де байланыс жүргізеді. Оны қызметтен тек Президент қана босата алады.
Сонымен, бір палаталы ұлттық Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар жалпы пропорционалды жүйемен 5 жылға сайланады. Ал, әйелдер мен жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады.
Халық кеңесінің міндеті ұлттық бірлік, ішкі саясатты дамыту, құқықтық бастамаларды Парламентке енгізу. Бір сөзбен айтқанда, кеңесші орган болмақ. Оның мүшелерін Президент тағайындайды.
Мұнан да басқа мәселелер қаралды.
Конституциялық комиссия отырысы дүйсенбіде жалғасады.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Базаркүл ҚАЛБЫР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.













Comments