Қазақ руханияты — ғасырлар қойнауынан жеткен қоңыр үн, ұлт жадында сақталған киелі әуен. Сол әуеннің табиғатын тануға, тарихын сөйлетуге, ғылыми тұрғыда жүйелеуге ғұмырын арнаған тұлғалар сирек. Бүгінгі күн сондай сирек жаратылған саңлақтың еңбегі лайықты бағаланған тарихи сәтпен есте қалды.
Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі әнші, өнер зерттеуші, облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығының, Халық шығармашылығы бөлімінің басшысы Серік Кәрібайұлы Оспан «Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі» атағымен марапатталды. Бұл — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Қазіргі заман тарихы институты» тағайындайтын жоғары академиялық марапат. Атақ иесіне қазақ мәдениеті мен руханияты тарихын зерттеуге қосқан елеулі де өлшеусіз үлесі үшін берілді.
Серік Кәрібайұлы — өнерге кездейсоқ келген жан емес. Ол — халықтың әні мен жырына, сал-серілердің серпінді рухына, тарихи тұлғалардың шығармашылық болмысына ғұмырын арнаған қайраткер ғалым. Оның зерттеулерінде құрғақ дерек емес, тірі рух бар. Әрбір әннің астарынан дәуірдің тынысы, әрбір әуеннен халықтың тағдыры сезіледі. Сондықтан да оның еңбектері тек ғылыми ортада ғана емес, ұлттық сана үшін де аса құнды.
Ғалымның «Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұрасы», «Сегіз серінің өмірі мен музыкалық мұрасы», «Балуан Шолақтың өмірі мен музыкалық мұрасы», «Қазақ сал-серілерінің мұрасы» атты іргелі зерттеулері — қазақ өнертану ғылымындағы айтулы құбылыс. Бұл еңбектерде ұлт тарихының бір тұтас кезеңі ән мен әуен арқылы қайта сөйлейді. Бұрын тек ауызша жеткен, көмескі тартқан деректер ғылыми жүйеге түсіп, ұлттық рухани қазынаның алтын қорына қосылды.
Серік Кәрібайұлының тұлғалық болмысы — өнер мен ғылымның үйлесімінен туған бірегей құбылыс. Ол сахнада — әнші, ел алдында — насихатшы, ғылымда — ізденуші, ұлт руханиятында — сақтаушы. Республикалық «Жігер» жастар фестивалінің лауреаты, Бүкілодақтық І, ІІ, ІІІ халықтар шығармашылығы фестивальдерінің лауреаты болуы, ВЦСПС-тің «Көркемөнердегі жетістігі үшін» алтын медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағымен марапатталуы — осының айқын дәлелі.
Бірақ Серік ағаның басты марапаты — атақ пен белгі емес, халықтың ықыласы мен шәкірттердің құрметі. Ол — өнерді мансапқа емес, аманатқа айналдырған тұлға. Оның еңбегінен ұлтқа деген шексіз сүйіспеншілік, тарихқа деген адалдық, руханиятқа деген жауапкершілік айқын сезіледі.
Киелі Ұлытаудың топырағында осындай 100 жылда бір туар тұлғамен әріптес болу — мен үшін зор мәртебе, үлкен тағдыр. Серік Кәрібайұлының өмір жолы — кейінгі ұрпаққа өнеге, жас зерттеушілерге бағыт-бағдар, ұлттық мәдениетке қызмет етудің биік өлшемі.
Бүгін берілген академиялық атақ — бір күннің немесе бір жылдың жемісі емес, тұтас бір ғұмырдың жеңісі. Бұл — халық өнерін зерттеуге арналған адал еңбектің, тынымсыз ізденістің, рухани қызметтің заңды жемісі.
Еңбегіңіз елене берсін, абыройыңыз асқақтай берсін, Серік аға! Қазақтың әні мен жыры барда, ұлттық рух тірі тұрғанда, сіздің ғылыми мұраңыз да мәңгі жасай бермек.
Қобланды АБЕНОВ













Comments